
Қазіргі кезде «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша электромеханика зауытында жұмыс істеп жатқан Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің түлектері теориялық біліммен қатар әлеуметтік серіктестермен бірлескен тәжірибелік дағдыларға машықтануда. Былтырғы оқу жылында колледждің алты түлегі жинақталған трансформаторлық қосалқы стансалардың слесарь-жинақтаушысы болып зауытқа жұмысқа қабылданып, лайықты жалақымен, әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілген болатын. Биылғы оқу жылында 25 студент дуальді оқыту форматы бойынша өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.
– «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланған соң, қала колледждерімен тығыз әрі белсенді жұмыс істей бастадық. Солардың бірі – Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі. Қазір зауытта колледждің 50-ден астам студенті жұмыс істейді. Олардың алтауы ресми түрде жұмысқа қабылданып, айына 500 мың теңгеден астам жалақы алып отыр. Студенттер зауытқа бірінші курстан бастап өндірістік тәжірибеге қабылдану тәжірибесі кең тараған. Дуальді оқыту барысында студенттердің 9 ай тәжірибеден өтуі қарастырылып отыр. Колледжбен әріптестік аясында жыл сайын 30-40 студент қабылдап отыру дәстүрлі шараға айналып, олардың көпшілігі тұрақтап, жұмысқа орналасып жатады, – дейді «Алматы электромеханика зауытының» басқарма төрағасы Асхат Ергешев.
Ал Алматы автомеханика колледжі «Көлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу мен пайдалану» бағыты бойынша мамандар даярлауда жетекші орынды иеленіп отыр. Бұл елімізде жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, ең сұранысқа ие бағыттың бірі саналады. Колледж түлектері ірі автосервистер мен көлік кәсіпорындарында сәтті жұмыс істеп жүр. Олардың көпшілігі автокөлікке қатысты іс-шаралар мен көрмелерге қатысып, білікті механиктер, автоэлектриктер, автожөндеу шебері ретінде танылған. Кейбірі өзінің жеке сервис стансасын ашып алған.
– «Алматы автомеханика колледжімен 20 жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Бірінші курс студенттерінің өзі жақсы нәтиже көрсетіп жатады. нде-Колледжді бітіргеннен кейін жұмысқа қалып жатқан түлектер де көп. Қазір зауытта жұмыс істеп жатқан түлектер біліктілігімен көзге түсіп жүр, – дейді «СВС-ТРАНС» ЖШС сервис орталығының директоры Тайыр Нұрланов.
Колледжде модульдік-құзыреттілікке негізделген оқыту әдісі енгізіле бастады. Студенттер оқу барысында-ақ тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп жатыр. «Мен бұл компанияда бір жылдан бері геометрист болып істеймін. Екі жыл осы кәсіпорында кәсіби тәжірибеден өттім. Алғашында жай автомеханик болып істеп, кейін мені геометрист болып қабылдандым. Бұл менің колледже алған білімімнің нәтижесі» дейді Наиль Бабаев.
Қаладағы колледждер жетістігінің бірі – студенттердің біліктілігін көрсетіп, даярлық сапасын дәлелдеуге мүмкіндік беретін WorldSkills жарысына қатысуы. Өңірлік чемпионаттарда Алматы автомеханика колледж студенттері «кузов жөндеу», «автокөлікті техникалық қызмет көрсету және жөндеу» құзыреттілігі бойынша жүлделі орындарға ие болып жүр. Биыл қазан айында колледжде «Автокөлік құралдарын техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша құзыреттер орталығы ашылмақ. Қала әкімдігі мен білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту аясында құрылған Құзыреттер орталығы автосервис саласында жоғары білікті мамандар даярлауға арналған үлгілі алаңға айналып, WorldSkills халықаралық стандарттарына сай келетін замандық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Колледж оқытушылары Эстония, Латвия, Финляндия, Оңтүстік Корея мен Қытайда тағылымдамадан өтті.
Еңбек нарығында Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі түлектеріне де сұраныс артқан. Колледж басшылығы бизнеспен ынтымақтасып, тәжірибемен ұштасқан оқу әдісін сәтімен жүзеге асырып келеді. Колледж көп жыл бойы қонақ үй мен мейрамхана бизнесіне кадр даярлап келе жатқан техникалық және кәсіптік білім беретін еліміздегі жетекші мекеме саналады. Салалық кәсіпорындармен тығыз байланыс орната отырып, колледж оқу сапасын жоғары деңгейде ұстап тұрумен қатар, студенттеріне қызметте өсіп-өнетін мүмкіндік ұсына алады.
Бүгінде колледж қаладағы 280 кәсіпорынмен – қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік компаниялармен ынтымақтастық туралы келісімшартқа отырған. Колледж директоры Нұрдәулет Жабықбаевтың айтуынша, жұмыс берушілермен, әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнаған. Бұл студенттердің жұмысқа жылдам орналасуына мүмкіндік береді. Биыл колледжді 460 студент бітірсе, олардың 80 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
Колледжде түлектердің өсуі мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін арнайы орталық жұмыс істейді. Бұл орталық түлектердің өндірісте жұмысқа орналасу көрсеткішін барынша арттыруға тырысады. «Мұнда түрлі шеберлік сабақтары, қонақ дәрістері өткізіледі. Біз жұмыс берушілерді шақырып, түлектерге жұмысқа орналасу жолдарын түсіндіреміз, жәрмеңкелер ұйымдастырамыз» дейді оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасар Гүлім Өмірбекова. Колледж басшылығы жоғары нәтижеге әлеуметтік серіктестік пен кәсіби мамандар даярлауға бағытталған тұрақты жұмыстың арқасында қол жеткізгенін айтады.