Форум • Бүгін, 13:35

Түркістанда Орталық Азия – Корея ынтымақтастық форумы өтті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтамақтастық орталығы» тақырыбында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының екінші ынтымақтастық форумы өтті. Алғашқы «Орталық Азия – Корея» форумы былтыр Корея Республикасында өткен болатын. Маңызды шараға Корея және Орта Азия елдерінің, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінің делегациясы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда Орталық Азия – Корея ынтымақтастық форумы өтті

Сессия отырысын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ашып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды.

«Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі – Түркістан облысында қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясы құрылысының басталуы болды. Аталған жоба «Samruk-Kazyna» қоры мен Оңтүстік Кореяның «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанның энергетика саласындағы ірі инвестициялардың бірі. Өзінің стратегиялық географиялық орналасуының арқасында Түркістан облысы Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистикалық хаб рөлін атқарады. Біз осы әлеуетті инвестиция тарту, экспорттық мүмкіндіктерді арттыру және шетелдік серіктестермен, соның ішінде Кореямен экономикалық байланысты нығайту үшін тиімді пайдалануға дайынбыз»,  деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. Сондай-ақ облыс әкімі жаңа жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып, ұзақмерзімді ынтымақтастыққа сенім білдірді.

Сонымен қатар форумда Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик, «GAROK» қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бон, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Джээнбаев Бактыярбек, «Woosong University Kazakhstan» университетінің директоры Чон Ёнг Хва сөз алып, серіктестік орнатуға дайын екендерін жеткізді. Форум аясында «Түркістан – Жібек жолы бойындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы», «Тұрақты халықаралық ынтымақтастықтың негізі ретіндегі жергілікті дипломатия», «Өңірлердің инвестициялық және экономикалық әлеуеті», «Аграрлық ынтымақтастық», «Туризм», «Білім беру және кадрлық алмасу, жаңа буын басшыларын дайындау» тақырыптарында сессиялар өтті. Онда облыс әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша Түркістан өңірінің мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар Корея және Орталық Азия өңірлерінің таныстырылымы өтті.

Түркістан облысы – Қазақстандағы жетекші аграрлық өңірлердің бірі. Жыл сайын жылыжайлар мен егістік алқаптарының көлемі артуда. Салаға Кореяның жасанды интеллект, робототехника және биотехнологияға негізделген озық агротехнологияларын, соның ішінде заманауи «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесін енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Түркістан қаласында IT саласының мамандарын дайындайтын Woosong университетінің филиалын ашу – өңірдің цифрлық трансформациясына бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба Қазақстан мен Корея арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайта түспек.

Делегация мүшелері «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орнында болып, жұмысымен танысты. Сонымен қатар университет ғимаратында G2B форматында кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шет мемлекеттер мен өзге облыстардан келген делегация Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығын және инвестициялық алаңдарын аралады.