
Корея және Орта Азия елдерінің, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінің делегациясы қатысқан халықаралық форумда Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. «Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі – Түркістан облысында қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясы құрылысының басталуы болды. Аталған жоба «Samruk-Kazyna» қоры мен Оңтүстік Кореяның «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанның энергетика саласындағы ірі инвестициялардың бірі. Өзінің стратегиялық географиялық орналасуының арқасында Түркістан облысы Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистикалық хаб рөлін атқарады. Біз осы әлеуетті инвестиция тарту, экспорттық мүмкіндіктерді арттыру және шетелдік серіктестермен, соның ішінде Кореямен экономикалық байланысты нығайту үшін тиімді пайдалануға дайынбыз», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. Сондай-ақ облыс әкімі жаңа жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып, ұзақмерзімді ынтымақтастыққа сенім білдірді.
Сонымен қатар форумда Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик, «GAROK» қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бон, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Джээнбаев Бактыярбек, «Woosong University Kazakhstan» университетінің директоры Чон Ёнг Хва сөз алып, серіктестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.
Түркістан облысы – Қазақстандағы жетекші аграрлық өңірлердің бірі. Жыл сайын жылыжайлар мен егістік алқаптарының көлемі артуда. Салаға Кореяның жасанды интеллект, робототехника және биотехнологияға негізделген озық агротехнологияларын, соның ішінде заманауи «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесін енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Түркістан қаласында IT саласының мамандарын дайындайтын Woosong университетінің филиалын ашу – өңірдің цифрлық трансформациясына бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба Қазақстан мен Корея арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайта түспек.
Айта кетейік, өткен жылы екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 3,1 млрд АҚШ долларына жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan және басқа да 876 оңтүстіккореялық компания табысты жұмыс істеп келеді.
ТҮРКІСТАН