Қоғам • Бүгін, 13:08

Этносаралық журналистика мәселелері талқыланды

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақ газеттері» серіктестігінде Қазақстан халқы ассамблеясы академиясының «Этносауаттылық және этносаралық қатынастарды БАҚ-та жариялау мәселелері» атты оқу модулінің аясында жетекші газет тілшілерімен тәжірибе алмасу жиыны өтті. Серіктестік директоры Дихан Қамзабекұлы модераторлық еткен басқосуға өңірлік ҚХА журналистер клубтарының төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшылары, депутаттар мен ҚХА мүшелері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Этносаралық журналистика мәселелері талқыланды

Фото: Ерлан Омар

Дәстүрлі баспасөз – елді бірлікке шақырып, ұлтты ұйыстыратын ерекше институт. Бұл турасында Дихан Қамзабекұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек» деген сөзін тиянақ қылып, ұлт ұғымының терминологиялық мәні бұрынғыдан кеңейе түскенін жеткізді.

«Қазір бұл сөз мемлекет мәнін үстейді. Сондықтан Отанға қызмет ету әрбір ұлт өкілінің басты парызы. ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары Ресейдің мемлекеттік думасында өзге халық өкілдерімен иін тіресе туған елінің мәселесін батыл көтерді. Ол деректер газет беттерінде анық бедерленді. Осыдан-ақ дәстүрлі баспасөздің мұрағаттық қызметін айрықша атауға болды. Осы жүкті абыроймен арқалап келе жатқан газеттеріміз мемлекетшілдік мүдде мен татулық тақырыбын басты назарға қояды», деді Дихан Қамзабекұлы.

«Казахстанская правда» газетінің атынан серіктестік директорының бірінші орынбасары Виктор Пряников та этносаралық татулық турасында татымды сөйледі. Ұлт дәстүрін, тілін сақтап, мемлекетке адал еңбек етіп жүрген азаматтарды насихаттайтын газеттің арнаулы бетін тілге тиек етті.

Одан әрі сөз алған ҚХА кафедраларының «Шаңырақ» қауымдастығының төрағасы Наталья Калашникова ҚХА журналистер клубының өкілдеріне арналған тәжірибелік курстың ел бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталды.

«Этносаралық келісім мен татулықты насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі айрықша. Газет пен Ассамблеяның әріптестігі – қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын пәрменді құрал. Дәстүрлі баспасөз мемлекетшілдік мүддені, ұлттық бірлікті және қоғамды топтастыру идеясын тұрақты түрде алдыңғы орынға қояды. Сол себепті ақпарат саласының өкілдері елдің береке-бірлігін нығайтып қана қоймай, жаңа ұрпақтың бойына сенім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға үлес қосуы тиіс», деді ол.

Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев жиынға қатысушыларға өз тәжірибесін бөлісіп, журналистикадағы дәстүр мен жаңа үрдістерді сабақтастырудың маңызын атап өтті.

«Қызметтік өтілімде жаңадан бас редактор болып тағайындалғаннан кейін қолымдағы газеттің мазмұнын өзгертіп, жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді енгізу қажет болды. Сол кезде тәжірибелі әріптестерім «Америкаға еліктеудің қажеті жоқ, «Егемен Қазақстанның» стилін үлгі қылыңдар» деген кеңес берді. Сол күннен бастап біз үшін «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» темірқазғымыз болды», деді.

Тату елге – тоқшылық нәсіп. Дәл осы қазақ мәтелі – бір шаңырақ астында тонның ішкі бауындай араласып қызмет етіп жатқан екі редакцияның басты қағидасы. Берекелі ұжымдардың жемісті жетістігі туралы «Қазақ газеттері» серіктестігі директорының орынбасары Қамбар Ахмет жеткізді. Мұнымен қатар этносаралық татулықты сақтау – мемлекеттіктің басты кепілі екенін назарда ұстау барлық БАҚ өкілдерінің бағдары екенін айтты. Мәселенің байыбына бармай, этнос арасын шиеленістіріп, қоғамдық қопарылысқа апаратын «жалт етпе» жаңалық жариялау – журналистік этика мен кісілік әдебіне жатпайтынын ескертті.

Қамбар аға

Ал «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев Ассамблея қызметінің аясында уақыт құмсағатында құмығып қалған, алайда елге ерекше қызмет атқарған елеулі тұлғарды насихаттау керектігін айтты.

«Қазақ тұлғалармен қатар, өзге ұлт өкілдері де туып-өскен Отанына өлшеусіз еңбек етті. Орыс, өзбек, татар және басқа да ұлт өкілдерінен шыққан қайраткерлер қоғам назарынан тыс қалып қояды.  Сондай жарқын азаматтарға ескерткіш тақта орнатып, есімімен көшелерді атасақ, нұр үстіне нұр болар еді», деп ұсыныс білдірді газет редакторы. 

Сәбит аға

Осы орайда Астаналық ҚХА журналистер клубының төрағасы Аделия Тухбатова сөз алып, Сәбит Малдыбаев көтерген мәселенің бірқатары жүйелі іске асып жатқанын мәлімдеді.

«Еліміздің біраз өңірінде Мұса Жәлелдің есімімен көшелер аталып, ескерткіштер қойылды. Көкшетауда, Өскеменде және Семейде оның бюстері ашылды. Сондай-ақ Қызылорда облысында татар орталығының бастамасымен жәлелшіл Фоат Сайфельмүлюковтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ал Өскеменде Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі бой көтерді. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының әр этнос өкілінің еңбегін дәріптеп, ұрпақ жадында қалдыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі»,  деді ол.

РедакцияАл «Ұйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов  этно БАҚ-тың мемлекетшілдік идеяны насихаттаудағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, этникалық басылымдар өз оқырмандары арасында бірлік пен ынтымақ құндылықтарын дәріптеп, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып келеді.

Әріптестер

Жиын соңында қатысушылар Ассамблея мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысын нығайту, қоғамға сенімді әрі шынайы ақпарат жеткізудің маңызды тетіктерін талқылады. Сонымен қатар редакциялардың жұмысымен танысты.