Төтенше жағдай • Бүгін, 09:38

Алатау полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны үш күннен бері жанып жатыр. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі полигондағы өртті сөндіру үшін басқа облыстардан қосымша күштер тартты. Барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмылдырылған,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Алатау полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі  жалғасып жатыр

Фото: ТЖМ

«Өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылды», делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары қиындап тұр. Себебі қызыл жалын 10 метр тереңдіктегі бықсумен және жел бағытының өзгеруімен күрделеніп келеді.

«Өртті сөндірудің 6 учаскесі құрылды. Өрт орнында «Терең-Қара» өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 6 бірлік техника: бір автомобиль-сорғы жеңі және 5 автоцистерна жұмылдырылды. Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілді», деп хабарлады ТЖМ.

Айта кетейік, күндіз-түні құтқарушылар ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты тығыздау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл әдіс оттың бықсуын оттегінің қолжетімділігін толығымен жауып, өрттің түпкілікті жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың тапсырмасы бойынша өрт орнына өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев барған.