Аймақтар • Бүгін, 08:17

Жер мерейі – ел мерейі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ырғыз елді мекенінде ауданның 180 жылдығына байланысты бірнеше іс-шара өтті. Тарихи ­мекенге арналған ғылыми конференцияда ХІХ–ХХ ғасырдағы тарихи оқиғаларды, түрлі зұлмат кезеңдерін ­бастан өткерген Ырғыздың есімдері ескерусіз қалған тұлғалары туралы зерттеулерін баяндаса, мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Ырғыз ауданының құрметті аза­маты, Алматыдан келген 93 жастағы Орынша Қарабалина Ыбырай Алтын­сарин мектебінен түлеп ұшқан Ырғыз арыс­тары жөнінде тебірене сөйледі.

Жер мерейі – ел мерейі

Ақтөбе облысы әкімінің орын­басары Асылбек Есенбаев соңғы үш жылда Ырғыз ауданында іске асырылған жобалар жөнінде баяндады. Айтуынша, өңірге 40 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 12 миллиард теңге кө­ле­мінде құрылыс жұмысы жүр­гізілген. Оның дәлелі, жаңадан бой көтерген мектептер мен бала­бақшалар, жаңартылған жолдар мен ин­фра­құрылымдар. Аудан­да ауыл шаруашылығы мен ша­ғын кәсіп­керлік нысандары бой көте­ріп, тұрғындардың тұрмыс дең­­гейі жақсарған. Тағы бір ар­тық­­­шылығы, кейінгі жылдары ең шал­­ғай ауылдары – Нұра, Ама­н­көл, Жармаға табиғи газ жеткізілді.

«Күні кеше жарияланған Мем­­ле­кет басшысы Жолдауында Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халық­аралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылы­сын бастауды тапсырды. Бұл бастама – тек инфрақұрылым емес, Ырғыз ауданы­ның дамуына да жаңа тыныс береді», деді өңір басшысының орынбасары.

Іс-шара соңында толықтыры­лып, қайта шығарылған «Ыр­ғыз» энцикло­педиясының тұсаукесері өтті. Іс-шара ұзақ жылдан бері Ырғызда жыл сайын өткізіліп келе жатқан, ел арасында танылмай жүр­ген талай дәстүрлі әнші мен өнерпаздың бағын ашқан «Аймақты әнмен тербетіп» ән фестивалімен жалғасты. Бұл жолы да оған Ақтөбе облысынан өзге, көршілес облыстардың елді мекендерінен келген әнші­лер мен күйшілер қатысты.

 

Ақтөбе облысы