Шаруашылық • Бүгін, 13:55

Жаңа реформа: қаржыдан агроөнеркәсіпке дейін

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз алдағы жылдары экономиканы әртараптандыру мен жаңа технологияларды енгізуге бағытталған ауқымды реформаны қолға алмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа реформа: қаржыдан агроөнеркәсіпке дейін

 

Қаржы және цифрлық активтер

Жаңа «Банктер туралы» Заң нарыққа жаңа қатысушыларды тартуды және банктердің өтімділігін нақты секторға бағыттауды көздейді. Сондай-ақ, жоғары технологиялық салаларға Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция бөлінеді. Алматы маңында құрылатын Alatau City арнайы мәртебеге ие қаржылық-инновациялық орталыққа айналмақ. Онда крипто-фиат арналар енгізіліп, цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін дамыту үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылады.

 

Өнеркәсіп және ресурстар

Инфляцияны тежеу үшін реттеу шаралары қайта қаралып, өндірістік база нығайтылады. Сирек металдарды өңдеу, көмірсутекті терең өңдеу жобалары іске қосылады. Геологиялық деректерді толық цифрландыру 2026 жылға дейін аяқталмақ.

«Геологиялық деректерді цифрландыру жұмысы жалғасады. Қазіргі уақытта оның 60%-ы цифрландырылған. Жұмысты толық аяқтау 2026 жылдың соңына қарай жоспарланды. Сонымен қатар геологиялық деректерді толық қамту үшін жасанды интеллектті қолдану арқылы Big Data ақпараттық жүйесін құру жұмысы басталды», деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Агроөнеркәсіп

Ауыл шаруашылығында үш жыл ішінде 1,2 трлн теңгеге 200-ден астам жоба қаржыландырылады. Мал шаруашылығын дамыту жоспары жеңіл несие беру мен «Даму» қорының 80%-ға дейін кепілдік жүйесін қамтиды. Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы жасалып, жер бөлу конкурстары толық электронды форматқа көшеді.

«Осы жылдың соңына дейін Мал шаруашылығындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспары қабылданады. Оның шеңберінде 5%-дық жеңіл кредит беру бағыты мен кредиттік өнімдер желісін кеңейту жоспарланып отыр», деді Серік Жұманғарин.

 

Инфрақұрылым және логистика

«Бақты-Аягөз» теміржолы мен «Сексеуіл-Бейнеу» автожолы сияқты жобалар елдің көлік әлеуетін күшейтеді. 2026 жылға қарай Smart Cargo бірыңғай кедендік жүйесі іске қосылып, ұлттық әуе жүк тасымалдаушы компания құрылмақ. Бұл шаралар жүк тасымалы көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.

«2026 жылы Smart Cargo кедендік және логистикалық қызметтер көрсетілетін бірыңғай цифрлық жүйесі енгізіліп, Ұлттық әуе жүк тасымалдаушы компаниясы іске қосылады. Қабылданған барлық шараны ескере отырып, Қазақстан арқылы жүк тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғаяды деп күтілуде», деді вице-премьер.

 

Туризм және ТКШ

Алматы тау кластерін дамыту арқылы шаңғы курорттарының өткізу қабілеті төрт есеге артады. ТКШ реформасы цифрлық шешімдерге және энергия тиімділігін арттыруға негізделеді. Сонымен қатар, су саясаты жаңа деңгейге көтеріледі: 18 су қоймасы мен 14,5 мың км канал қайта жаңартылып, 9 жаңа су қоймасы салынады.

«Тау шаңғысы курорттарының өткізу қабілеті 4 есеге артады. Курорттық аймақтарды кеңейту мен жабдықтау бойынша шараларды іске асыру ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін береді. Ал Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) жүйесін реформалау цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, оның қатарында энергия тиімділігін арттыру арқылы іске асырылатын болады. Іске қосуға жоспарланған Бірыңғай ұлттық платформасы құрылыстың барлық кезеңінде жан-жақты есепке алуды, жоспарлауды әрі мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Кәсіпкерлік және басқару

Квазимемлекеттік сектор реформаланып, «Реттеуші интеллект орталығы» жасанды интеллект арқылы реттеудің жаңа үлгісін қалыптастырады. Салықтық әкімшілендіру де AI-ға сүйенбек. Ал «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мемлекеттің экономикадағы рөлін қайта анықтайды.

«Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасанды интеллектіні қолдана отырып, реттеуді жаңартудың негізгі алаңына айналатын «Реттеуші интеллект орталығы» құрылады. Салықтық әкімшілендіру салық төлеушінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар қолдану арқылы жүзеге асады. Даму институттары өз қызметін нақты салалық мамандануымен әрі инвестициялауға арналған мандатымен жүзеге асырады», деді Серік Жұманғарин.