
Бұл заңдағы басты жаңалықтардың бірі – «сталкинг» үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі. Сталкинг – бұл зорлық-зомбылық қолданылмаса да, адамның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіретін, еркінен тыс тұрақты түрде қудалау, артынан қалмау әрекеттері.
Сталкингке мынадай іс-әрекеттер жатады: айтарлықтай зиян келтіріп, адамның жеке шекарасын бұзып, еркінен тыс оның ізіне түсу, қайта-қайта телефон соғу, интернет арқылы бақылаумен қорқыныш немесе алаңдаушылық сезімін тудыру.
Енді мұндай әрекеттер үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Заң әрбір адамның жеке кеңістігіне құрметпен қарау қажеттігін айқындап, психологиялық зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алуға бағытталған.