
Шаңырағы шаттыққа толы өнегелі жан Жанат Сейітқалиұлы Жақыпов ширек ғасыр бойы «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында» зертханашы қызметін абыроймен атқарып, бүгінде өрт күзетшісі қызметінде жүр. Қызметіне деген жауапкершілігі мен адалдығы оны әріптестерінің ғана емес, тұтас өңірдің сыйлы азаматына айналдырды. Табиғатты қорғау ісіне қосқан елеулі еңбегі үшін 2018 жылы ІІІ дәрежелі, 2021 жылы ІІ дәрежелі «Биологиялық алуан түрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталуы соның айғағы.
– Әке-шешем де осы өңірдің тумалары. Өзім табан аудармай орман саласында еңбек етіп келемін. Туған жердің тұмса табиғатын қорғау кәсіби ғана емес, перзенттік те парызым, – дейді Жанат Сейітқалиұлы.
Шаңырақтың шұғыласы, отбасының ұйытқысы Сағымжан Сұрауқанқызы алты баланы тәрбиелеп өсіріп, 2010 жылы «Күміс алқа» иегері атанған ардақты ана. Зейнет жасына жеткенше өзі де осы қоӨрықта еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа ізгілік пен еңбектің мәнін ұқтырып келеді. Жақыповтар әулетінің әр перзенті ата-анасының тәлімін бойына сіңіріп, түрлі салада елге қызмет етіп жүр. Үлкен қыздары Мәдина дәмді тағам жасаудың шебері. Оның қызы Самира бастауыш сынып мұғалімі, бала жүрегіне білім дәнін сеуіп жүрген жас маман.
Анар Жанатқызы бухгалтерлік есепті меңгеріп, қорықта бірнеше жыл еңбек етті. Саламатты өмір салтын серік еткен ол ұлы Ералының спорттағы жетістіктеріне үнемі дем беріп келеді. Жас спортшы бүгінде биатлоннан ел чемпионатының жүлдегері.
Шырын Жанатқызы екі баласының тәрбиесіне ерекше мән беріп, отбасының берекесін арттырып отырған ақ жаулықты ана. Кенже қызы Жанна болса, математика пәнінің мұғалімі. Облыстық «Алтын тұғыр» байқауында жүлдегер атанып, аудан көлемінде де үздік ұстаз ретінде танылған. Бүгінде ол да күйеуімен бірге туған жердің табиғатын қорғауға үлес қосып жүр.
Ұлдары да әулет абыройын асырып келеді. Аян Жанатұлы үш баланың әкесі, отбасының жанашыры. Жары Айзада да қорықта еңбек етіп, экологиялық білім беруді жолға қойған.
Сүт кенжелері Саян Жанатұлы ішкі істер органдарында шыңдалған тәртіп сақшысы. Қазір қорықта шаруашылық ісін басқарады. Жұбайы Диана ихтиолог ретінде Марқакөлге ғана тән майқан балығын қорғаумен айналысады.
Жақыповтар әулеті тек бір отбасының емес, тұтас өңірдің мақтанышы. Отыз жеті жыл бойы бір әулеттің бірнеше мүшесі қатарынан қызмет етіп келе жатқан еңбек династиясы табиғатты аялау ісімен тағдырларын тоғыстырған.
43 жыл отасқан Жанат аға мен Сағымжан апайдың ең үлкен жетістігі – балаларына адалдықты, еңбекқорлықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті үйретуі. Қарап отырсақ, олардың шаңырағы – бірліктің, еңбектің, туған жерге деген қалтқысыз махаббаттың айқын көрінісі. Табиғатты қорғау ісін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан әулет елге, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы