
– Ержан Құрманғалиұлы, әңгімемізді дін саласындағы диалог пен келісімнің еліміз үшін маңызынан бастасақ. Біз үшін басты құндылық не?
– Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет. Әлемдік қауымдастық алдында діни толеранттылық пен тату көршілік қатынасын дамытуда еліміз үшін ең басты құндылық – қоғамдық келісім. Әр адамды діни немесе өзге де наным-сеніміне қарамастан бағалау мен құрметтеу – осы құндылықтың берік іргетасы.
Сондықтан азаматтарымыздың өзара сыйластығы мен бейбіт өмір сүруі – аса маңызды мәселе әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.
Жақында елімізге ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанды бейбітшілік пен диалог символы деп атады. Оның айтуынша, «Қазақстан өз тәжірибесі арқылы түрлі діндер мен мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнатуға болатынын дәлелдеді».
– Алдағы күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өтеді. Дінаралық келісімді ілгерілететін бұл халықаралық диалог алаңында биыл қандай өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылмақ?
Әрбір Съезд өзінің жаңашылдығымен және ғаламдық маңызы бар тақырыптарды күн тәртібіне шығарумен ерекшеленеді. Биылғы жиында XXI ғасырда адамзатты жұмылдырудағы діндердің рөлі, діндердің әлемнің орнықты дамуының факторы ретіндегі маңызы, жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар және діндердің бітімгерлік әлеуеті сияқты өзекті мәселелер талқыланбақ.
Сондай-ақ биылғы Съездің басқа да ерекшеліктері бар. Алғаш рет Съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының бастамасымен Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия өтпек. Құлшылық орындарында қауіпсіз жағдай жасау бүгінде көптеген ел үшін өзекті мәселеге айналды. Бұл тұрғыда Қазақстан өзінің оң тәжірибесімен бөлісе алады.
Сарапшылар үшін ерекше қызығушылық тудырып отырған тағы бір маңызды шара – бұл алғаш рет Съезд аясында әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған жоғары білікті шетелдік және отандық ғалымдар мен сарапшылардың бас қосуы. Сенім мен ғылымның түйісуі қоғамдағы мәселелерді тиімді шешуге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан отандық және халықаралық ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың әлеуетін діни диалогтың игілігіне пайдалану аса қажет бастама деп санаймын.
Аталған халықаралық деңгейдегі маңызды шаралар Съезд Хатшылығының басшысы, Парламент Сенатының Спикері Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев мырзаның жетекшілігімен ұтымды ұйымдастырылып жатқанын ерекше атап өткім келеді.
– «Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың қатысуымен өткен дін саласындағы оқиғалар шежіресі. 2019–2024 жылдар» атты жаңа жинақтың негізгі идеясы да діни толеранттылықты көпке танытуды көздей ме?
– Кітаптың негізгі мақсаты – еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын жетілдіруге, оның тиімділігін арттыруға үлес қосу. Ол үшін салалық саясаттың көздейтін мақсатын, қандай құндылықтардан бастау алатынын, ең басты қағидаттары мен міндеттерін ұғыну өте маңызды.
Жинақты шығару идеясы 2024 жылы еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын дамытудың орта мерзімге арналған стратегиялық жоспарлау құжатын әзірлеудің барысында туды. Құжаттың жобасын дайындау үшін көптеген фактор мен үрдістерді зерттедік. Мемлекет басшысының кейінгі бес жылда осы салада жүргізген саясатын да талдадық. Себебі, Президент – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлғасы.
Нәтижесінде қолымызға жинақталған материалды өңдеп, хронологиялық тәртіппен құрастырып, кітап түрінде жарыққа шығаруды жөн көрдік.
Осы орайда мен кітаптың тең авторы – мемлекет қайраткері, қазақтың беделді дипломат қызы, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Сайфоллақызы Құспан ханымға жинақтың табысты жарық көруіне қосқан зор үлесі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл шынымен де бірлескен еңбек болды. Егер де ол кісінің кәсіби біліктілігі мен идеялары болмағанда, бұл кітап мұншалықты терең болмас еді.
– Басылымның негізгі ерекшелігі неде?
– Ерекшелігі – Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік өкілеттігін атқаруға кіріскеннен бері, ол кісінің қатысуымен өткен дін саласындағы іс-шаралар туралы тақырыптардың бір кітапта топтастырылуында. Бұл өз кезегінде талдауға, түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, қабылданған шешімдердің себептерін түсіндіруге, насихаттауға ыңғайлы әрі пайдалы.
Сондықтан ең алдымен бұл жинақ мемлекеттік аппараттың, ғылым мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, ізденушілер мен сарапшыларға пайдалы еңбек боларына сенім мол. Жалпы дін саласының мәселелеріне қызығушылық танытатын қалың оқырман үшін де құнды дүние.
Кітапқа дін саласына тікелей немесе жанама қатысы бар 80-нен астам оқиға туралы ақпарат енді. Олардың басым бөлігі Мемлекет басшысының ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды.
Осы ретте кітаптың рецензенті – белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты, Президент Баспасөз хатшысының орынбасары Есбосын Меркешұлы Смағұлов мырзаға ерекше алғысымды білдіремін. Оның қолдауы мен сындарлы ұсыныстары еңбектің сапалы әрі сенімді болып шығуына айрықша үлес қосты.
– Жалпы осы жинақты құрастыру барысында назарыңызды аударған жайттар болды ма?
– Иә, ақпараттарды зерделеу кезінде жан-дүниеме бір жағдай ерекше әсер етті. Мысалы, бұған дейін өз басым марқұмдарды зиярат етуді, оларға Құран сауабын бағыштауды, мазарларды көргенде бет сипауды тек діни дәстүріміздің бір бөлігі, жақсы әдет ретінде ғана қабылдайтынмын. Алайда Президенттің Қағбаға, Пайғамбар мешітіне, Жошы хан, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Төле би кесенелеріне, шетелде жерленген ағасының мазарына, сондай-ақ мешітке арнайы барып аруақтарға Құран сауабын бағыштағанын көріп, мұның мағынасын тереңірек түсініп, оған мүлде басқа көзқараспен қарай бастадым.
Ол кісінің бірнеше рет ата-бабамызға, Қазақ елінің мемлекет және діни қайраткерлеріне – Алтын Орда билеушілеріне, хандар мен билерге, батырлар мен ғалымдарға, Отан үшін қызмет еткендерге, құрбан болған жандарға халық атынан алғысын білдіріп, Аллаға дұға еткеніне куә болдық. Сол бабаларымыздың күш-жігері мен сіңірген еңбектерінің арқасында біз тәуелсіз елде өсіп-өркендеп өмір сүріп жатырмыз. Бұл баға жетпес игілік емес пе!?
Сондықтан мен марқұмдарға Құран сауабын бағыштауды оларға деген алғыс деп түсінемін. Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлының бойынан алғыс айта білетін қасиетін көрдім және өзім де сондай қасиетке ұмтылу керектігін ұғындым.
– Президенттің дін саласындағы саясатында қандай қағидаттар айрықша көрініс береді?
– Ең негізгі төрт қағидатын байқауға болады. Біріншісі – діни толеранттылық. Яғни әр адамды дініне немесе наным-сеніміне қарамастан бағалау, оған құрмет көрсету.
Екіншісі – діни еркіндік. Бұл әркімнің дінді немесе өзге де нанымдарды ерікті түрде қабылдайтынын, әр адамның өз еркімен діни және өзге де амалдарды орындайтынын немесе олардан бас тартатынын білдіреді.
Үшіншісі – қазақ халқы мен еліміздегі этностардың діни бірегейлігін сақтау. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылыққа алатын мәні айрықша қағидатының бірі.
Төртіншісі – діни және өзге де наным-сенім негізінде жек көрушілікке, төзбеушілікке және озбырлыққа жол бермеу. Бұлардың бәрі негізінен зайырлылық қағидаттарына жатады.
Шын мәнінде, еліміздің дін саласында жеткен жетістіктері мол. Оларды қадірлеу, сақтап қалу және одан әрі дамыту – біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар дін саласында аса өзекті мәселелердің бар екені де анық, стратегиялық тұрғыдан маңызды үрдістерге дер кезінде назар аудару қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!