Жансарай • Бүгін, 09:35

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Түркілер еуропалық данышпандардан ешқашан төмен болмаған

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Дабырадан аулақ, үндемей-ақ үлкен істер атқарып жүрген интеллектуал ақын, ұлтжанды қазақ Мейірхан Ақдәулетұлы болмысы бізге ертеден таныс әрі жақын. Сирек сұхбаттасатын, көп «көріне» бермейтін ағамызды әңгімелеге тартып көрген едік.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Түркілер еуропалық данышпандардан ешқашан төмен болмаған

– Әңгімемізді Абайдан бас­тайық­шы, кемеңгермен достаса алдыңыз ба?

– Бұл өте қиын сауал. Сон­ша­лық биік деңгейдегі ұлы адамды ақылмен, санамен түгел игерудің өзі көрінген кісінің қолынан келе бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, Абай — қарапайым халық үшін әлі де толық сырын ашпаған дана.­ Әрине, оны күллі ел сүйеді, әулие деңгейіне көтереді, бірақ түгел ұғарлық, ең бастысы, оның ұлы, қасіретті жолын одан әрі жал­ғарлық қуаты, білімі, құдіреті жетерлік адам аз деп ойлаймын.­ Мен оны шамам келгенше те­реңірек түсінуге тырысамын, бірақ соның өзі аз сияқты. Ол тура­лы әйгілі Мұхтар Әуезов ұлы роман жазды, қаншама дарынды ғалымдар ірі еңбектер шығарды, бірақ қара халық үшін бұл ұлыны жұртқа ұқтыру (әлің келгенше, әрине!) нағыз деңге­йіне жетпеген сияқты. Демек, ха­лық­тың қазіргі деңгейі (таным­дық мүмкіндігі) жыл санап жақса­рып келе жатқанын ескерсек, «қиын» Абаймен, құдіретті Абаймен до­сыңша, қалдықсыз сырласатын уақыттар да келер.

Мен оған дос емеспін, қас­тер­леуші ғанамын. Бір адам үшін бұл да аз емес.

– Сізді алғаш «Бейуақтағы мінәжат» кітабы арқылы таны­дық, біршама өлеңдеріңізді жат­тап үлгердік. Осы кітап тура­лы айтсаңыз.

– Мен өлеңде аз еңбектен­ген адаммын – негізгі күшім мен уақытым көсемсөзге кетті. Қазақ­тың интеллектуалдық дең­гейін озық ұлттардың дәрежесі­не көтеруге әлім жеткенше жұм­сау – жеке шығармашылығым­ның мүмкіндіктерін ойлатқан жоқ. Сол себепті кітаптарым да ке­шігіп шықты. Олардың іші­нен «Дәруішнама» мен «Бейуақ­та­ғы мінәжатты» ерекше жақ­сы көремін. Кейінгісіне келсек, соның өзін Есенғали Раушанов бауырымның үздіксіз қа­қыл­дауы­мен, Байбота Қо­шым-Ноғай­дың ықыласымен шы­ғардым. Қажет еткендер оқып көрер...

– Астана мен Алматыдан аулақта, Ақтөбеде өмір сүріп ке­ле­сіз. Сізге оңашалық не берді?

– Алматыда 22 жыл өмір сүр­дім. Өкпем жоқ. Көп нәрсені көр­дім, көпшілікпен таныстым. Жақ­сы достарым да, кейінгі он бес жылда үйім де, жұмысым да болды. Фариза апам Алматыға бар­ған бойда бірден жұмысқа алды, қолынан келгенше көмектесті. Мәселе онда емес екен – бір жыл ішінде байқадым, университет бітіргендердің басым көпші­лі­гі (жа­зушыларды айтып отырмын) әлем әдебиеті түгілі, орыс әде­биетінен де бейхабар болып шықты. «Жазушылар одағы керек болса, түгелдей маған кір­сін!» деген қисық сөзім үшін одақ­қа да кештеу қабылдандым. ­Одан ештеңе өзгерген жоқ. Әри­не, жақсы кісілер жеткілікті еді. Әлемде теңдесі жоқ интеллек­туал, тамаша прозашы, драматург Асқар Сүлейменов, белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек, ғажа­йып ақын Жұматай Жақып­баев, тамаша интеллектуал Әуезхан Қодар, ең сүйікті қарындасым Гүлнар Салықбай, көптеген сол кездегі дарынды жастар, әсіресе, Есжан Айнабеков, Қайрат Әлім­беков, Бауыржан Үсенов, Әбубә­кір Қайранов, Әмірхан Бал­қы­бек, қазіргі Маралтай сияқты «ең мықтылардың» бәрімен дос едім. Светқали Нұржанов мен үшін «ерте оянған гений» еді. Беріде Ақтөбеге кеттім. Сол кез­дегі Ақтөбенің әкімі Аслан Мусин, кейінгі болған Елеусін Сағындықовтар да тілеулес дос­тарым болды. Солардың арқа­сын­да республикаға кең тарал­ған ­«Ал­тын Орда» газетін шы­ғар­дым. Заманында ең үздік газет аталды. «Әкімдерім» газетім­ді ерекше қорғады. Бір қызығы, мен Ақтөбе туралы өз адамда­ры­ма жаздырмадым, арнайы материал да бергізбедім, Ақтөбе­нің ғана газеті атанып кетуден қорықтым.

Маған сеніп, сол себепті де өзіме еріп келген Бауыржан Бабажанұлы мен Дәурен Қуат жаныма желеу бола білді. Оның үстіне ақтөбелік Ертай Ашықбаев, Индира Өтеміс, жер-жердегі тілшілер мен белгілі интеллектуал қаламдас жолдастарым: Таласбек Әсемқұлов, Зира Наурызбаева, Ақас Тәжуітов, Мақсот Ізімов, Мақсат Тәж-­Мұрат сияқты тілеу­лестер «Алтын Орданың» мерейін үстем етуге атсалысты.

Міне, сен айтып отырған «оңа­ша­лық» осындай белестерге же­теледі.

– Өміріңізге ерекше ықпал еткен оқиғаны атай аласыз ба?

– Адамға ерекше ықпал ете­тін – адам, адамдар ғана. Мен үшін Фариза Оңғарсынова, содан соң Асқар Сүлейменов пен Жұматай Жақыпбаев. Соңғы екеуі адам таңданарлық, бірақ бір-біріне ұқсамайтын дарындылар деп ойлаймын. Содан соң Есенғали Раушанов пен Ұлық­бек Есдәулетов. Бұл – үздіктер. Өзгелер­ге сөз жоқ.

– Бір сұхбатыңызда «...атақ-мара­патқа қызықпаймын. Осы­ның өзі аз бақыт емес» депсіз. Сонда сізді қызықтыратын не нәрсе?

– Бізде, қазақта, елді, оның тағ­дырын, болашағын шын жү­регімен, ақылға сүйене отырып ойлайтын адам өте аз сияқты. Әрине, қазақтың жаманы жоқ, ниеті де түзік, бірақ әлемдік озық өлшемдерге сүйеніп, болашаққа үлкен жауапкершілікпен қарау жоққа жақын. Әлемнің тағдыры қазір қай дәрежеде, ал біздің жалпы ақыл-ой деңгейіміз қандай – соны салмақтап, «ойнап отқа, қайнап қазанға түсерлік» ниет жоқ. «Өлмесек – көрерміз» дейтін позициямен күн кешіп келеміз. Әрине, өтірікті-шынды ойла­ған бо­ламыз, соған ұмтылғандай кейіп танытамыз, бірақ ішімізден «құ­дай қарасса, көре жатармыз» деген оймен күнелтеміз. «Құдай сенің екі туып, бір қалғаның емес» дейтін кісі жоқтың қасы. Егер ондай кісі шықса, «оппозицио­нер» қылып шығаруға дайын сияқтымыз. «Мұны бұдан да жақ­сырақ қылып шығарсаң қайтеді?» дейтін бейбіт ұсыныс та жоқ. Сонда осы «ырғаңмен» өмір сүре беру керек пе? Аңдасаңыз, әлем бізден жойқын жылдамдықпен алыстап барады, ал біз болмашы нәрселерге алаңбыз. Сөйте жү­ріп атақ алуға, мақтан естуге қызығамыз.

Менің арзымайтын нәрсеге қызықпайтыным содан. Қазір әңгіме де айтпайтын болдым, себеп – мені болашақ қорқы­та­ды. Билік қолынан келгенін істеп жатыр, бірақ жұртың­ның өзінде одан гөрі жақсы деңгей­ге құлшыну жоқ. Мен үнемі соған алаңмын.

– Толстой «Тәңір тектес се­зім шырағы алғаш рет көкі­ре­гіңде жарқ етіп тұтанған шақ­тағы – әу бастағы адал шақ­­та­ғы өзіңе ғана сен» депті. Сіз адал шағыңызды өмір­­дің келеңсіздіктерінен қор­ғап, бүгінге таза күйінде жет­кізе алдыңыз ба? О бастағы тап-таза Мейірхан мен қазіргі Мейір­ханның арасында қандай айыр­машылық бар?

–  Ойлы адамды омақастыратын сұрақ екен. Балаңдау жігіт кезім­дегі күйімді өзім де сағынамын. Өзгердім: есейдім, есімді жидым,­ жақсы мен жаманға қатар елік­те­дім, бірақ сол кездегі адал­дық­қа жақтасу, дүниені бүтін жара­лауға келмейтін, үлкен тұтас кие деп санаудан адаса қоймаған сияқтымын. Мұны менің жауларымнан сұрау керек. Соларда шындық басымырақ, сол үшін де жау емес пе? «Сүттен ақ, судан таза» кісінің рөлін ойнау ойымда жоқ, бірақ кісіні, демек, өмірді төменсіткен жерім болса, өкінер едім.

– Егер ғайыптан құдіретті күш­ келіп, ең бір ащы арманы­ңыз­­­ды орындаса, не айтар еді­ңіз?

– Менің ащы армандарым көп, бірақ оған өзім кінәлімін. Кезінде терең ұға қоймағанда­рым, өз қателіктерімнен ерте­рек­ құтылмағандығым, таза ақы­мақ­­­тық­тарым біріге келіп, сол ащы орын­далмайтын армандар­ға ­ай­налған шығар. Бәрі өзімнен. Адам адаса жүріп жол табады. Соның ақыры қайырлы болсын.

– Борхес Еуропаның діңге­гінде грек мәдениеті мен Інжіл­дің жатқанын айтады. Ал біз­дің түркі өркениетінің негізгі ұс­тыны неде? Қазіргі түркі мә­дениеті бірлесуге, ынтымақ­та­суға ұмтылып отыр. Түркілік әде­биеттің болашағын қалай елестетесіз?

– Борхес білгенін ғана айта­ды, сонысы дұрыс та болар. Бірақ біз – түркілер еуропалық да­нышпандардан ешуақытта тө­мен болмағанбыз. Әмірхан Бал­қы­бек атты інім сол кеудемсоқ еуро­­палықтарды қайран қал­­­ды­ра­тындай нәрселер жазды – Рем мен Ромул туралы аңызды «азия­лан­дырды», қазіргі айта алмай­­тын аңыздарға дем берді. Ол жә­не жалғыз емес, қазір адамға кеңірде­гімен қарап үйренген еуро­палықтарды жерге түсіріп, ненің неден басталғанын баяндап беретін жастар өсіп келеді. Олжекең (Олжас Сүлейменов) жазған шығармада «жүргелі тұр­ған пойыздың терезесінен кере­мет сұлу һәм шолжаң Еуропа ­перронда тұрған кәрі кемпір Азияға тілін шығарады» деліне­ді. Ойсыз қыздың кейуанаға тілін шығаруы күлкілі. Оның үстіне, сол кемпір мәңгі жасайтын Ұмай ана болып шығуы мүмкін ғой.

Ал түркі мәдениеті болашақта күллі елге өнеге көрсетуі мүмкін. Бұл тұста да біз, қазақтар, кейін қал­масымыз анық. Әрине, әде­биет­­тер, бауырлас әдебиеттер бірі­гіп жатса, оған тек қуану керек. Бұл қасқыр текті рухтың әлем­ге тың құлшыныспен қайта ора­луы­ның басы болар.

– «Ме-ен?

...сәбимін,

Сенімі мен дәмесі

Өзінен зор,

Өлермен...» депсіз. Сол се­нім ақталды ма?

– Бұл менің өзімді менсінбей айтқаным ғой. Қанша мықты болса да сенімнің ақталуы мүмкін емес. Адам солай ойлайды, Алла өз дегенін істейді. Әрине, оныкі дұрыс.

– Әдебиеттің алдыңғы буын ағаларды еске алғанда кімді кө­бі­рек сағынасыз?

– Олардың бәрі де өз деңгейін­дегі жақсы адамдар. Дегенмен, әуелі Асқар Сүлейменовті сағы­намын, сосын Фариза апамды, Жұматай Жақыпбаевты, Ақселеу ағамды, Қуандық Шаңғытбаевты, Жарасқан ағамды. Кешегі жүрген Есенғалиды... Бәрін.

– Қандай жаңа дүниемен айналысып жүрсіз?

– Ол – құпия. Бітірген соң болмаса, айта алмаймын.

– Жаратушыдан не тілейсіз?

– Әлемнің қалыпқа түсуін. Елі­міздің аман болғанын.

 

Әңгімелескен –

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»