
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр», деген Президент, қаражатты тиімді пайдалану туралы өте орынды мәселе көтерді. Ақмола өңірінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған қаражат мол. Мәселен, осы жылы 242,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 63,3 миллиарды – қайтарымсыз субсидиялар. Бұны таратып айтар болсақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға – 26,6 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға – 5,7 млрд теңге, инвестициялық субсидиялар мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 30,4 млрд теңге, терең өңдеуді субсидиялауға 0,6 млрд теңге бөлініп отыр. 179,4 млрд теңгеден астамы жеңілдетілген несиелендіруге бағытталған. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы – 13,3 млрд теңге, «Кең дала-2» бағдарламасы – 104,7 млрд теңге, форвардтық сатып алу – 4,1 млрд теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша – 2,5 млрд теңге, инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелендіруге – 17 млрд теңге, өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несиелендіруге 2,3 млрд теңге қарастырылған.
«Мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы және уақтылы көрсетілуі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көп көмек болып, саланың қарқынды дамуына мейлінше оң серпін беріп отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалдар келтіре кетелік. Өңірде биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында көктемгі және жазғы дала жұмыстары іркіліссіз, сапалы жүргізілді. Диқандардың қажырлы еңбегінің арқасында бітік егін өсірілді. Ақмолалық диқандар биыл да рекордтық өнімнен дәмелі. Күзгі жиын-терім уақтылы, ысырапсыз жиналса, 7 млн тонна өнім жиналмақ. Тағы бір айта кетерлігі, майлы дақыл алқаптарынан алғаш рет 650 мың тоннадан аса өнім жиналды», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарында нәтижелі еңбек жүзеге асырылып жатыр. Ет өндірісі 2024 жылмен салыстырғанда 6 пайызға асты. Сүт өндірісі де төрт пайызға көбейді. 166 млрд теңгенің азық-түлігі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,6 пайызға көп.
Инвестицияның тартылуы да оң сипатқа ие. Агроөнеркәсіп саласына 60,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы жылдың жеті айы бойынша өткен жылмен салыстырғанда бұл көлем 1,5 есеге көбейді.
Дала жұмыстарының тиянақты жүргізілуі материалдық-техникалық базаның мықтылығына байланысты екені белгілі. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл басынан бері 1 430-дан аса ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, қуатын арттырды. Бұл бағытта 47 млрд теңге қаражат жұмсалды. Былтырғы деңгеймен салыстырғанда 33 пайызға көбейді. 2024 жылдың 8 айында 35,4 млрд теңгеге 1 053 техника алынған еді. Анықтама үшін айта кететін болсақ, жеңілдетілген лизингпен 1 023 техника алынды. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысы 26,4 пайызға өсіп, 310 мың теңгеге жетті.
«Басты міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есеге арттыру. Ол үшін, әрине, саланы қарқынды дамыту қажет. Міндет биігіне жету үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және агротехника деңгейін арттыру міндеті қойылып отыр. Оның ішінде майлы дақылдардың көлемін ұлғайту, өнімділігін арттыру және жаңа технологияларды батыл енгізу мәселелері бар. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында алдымен астықты өңдеу мәселесін дұрыс шешетін ауқымды, ірі жобаларды іске қосу керек. Салаға серпін беретін инвестициялық жобаларды жүзеге асырған ләзім. Облыстағы ірі агрофирмалардың толық өндірістік циклін құрып, тәжірибесін кеңейту қажет. Бұл арада ғылымның жетістігі де көп көмек болар еді. Алдымызда ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығару көлемін көбейту және жаңа нарықтарға шығу міндеті тұр. Осы уақытқа дейін пайдаланылмай жатқан және бір кезде заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару, оны кәдеге асыру мәселесі де бар», дейді Н.Бадырақов.
Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында бір дақылды жүйені – бидай алқаптарын кезең-кезеңімен қысқартып, жоғары рентабельді майлы дақылдар көлемін көбейту жоспарланып отыр. 2028 жылға дейін майлы дақылдар көлемі 603 мың гектарға жеткізілмек. 2025 жылы бұл көлем 495,4 мың гектарды құрап еді. Агротехника деңгейін өсіру үшін минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін ғылыми негізделген нормаға дейін жеткізгеніміз жөн. Ол 627 мың тоннаны құрайды. Гектар берекесі элиталық тұқымға да байланысты. 2025 жылы элиталық тұқым көлемі 13,5 пайызды құраса, келесі жылы 15 пайызға жеткізіледі.
Мемлекет басшысының ІV Ұлттық құрылтай отырысында елімізді он жыл ішінде астықты терең өңдейтін әлемдік өндірушілер мен жеткізушілердің үздік ондығына енгізу үшін өңірде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Қытайдың «Далянь» компаниясымен бірлесіп қолға алған астықты терең өңдейтін ірі зауыт салу жобасы. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі 650 млн долларды құрайды. Жалпы құны – шамамен 1,8 млрд доллар. Зауыт «Aqmola» инвестициялық аймағында үш кезеңмен салынады. Кәсіпорын толық қуатына енгенде жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдей алады. Зауытта сұранысқа ие глютен, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндіріледі.
Салада алдағы үш жылда импорттық алмастыру және экспортты көбейтуге басымдық бере отырып, жалпы көлемі 963 млрд теңгені құрайтын 86 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылады. Инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің экономикалық өсімін жақсартары сөзсіз. Шикі сүт өндірісі 1,5 есеге, барлық түрдегі ет өндірісі 1,2 есеге, тауық жұмыртқасы өндірісі 13 пайызға өседі.
Суармалы жерлердің көлемі 2,7 есеге ұлғайтылмақ. Осы шаруалардың барлығы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Елорданы азық-түлікпен қамту көлемі көбейеді. Сүт 30 пайыздан 50 пайызға, ет 30 пайыздан 40 пайызға, жұмыртқа 80 пайыздан 100 пайызға дейін өсер еді.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өсіруден бастап оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз етіп, табысты әрі тиімді жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Олардың қатарында Целиноград ауданындағы «Родина» мен Жақсы ауданындағы «ТНК» агрофирмаларын атай кетуге болады. Олардың жұмыс нәтижесін бір гектар егістік жерге түсетін салықтық жүктемеден көруге болады. Мысалы, «Родина» агрофирмасында бұл көрсеткіш 19,7 мың теңгені құраса, облыс бойынша орташа деңгей – 3 193 теңге.
2024–2025 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген 49 млн теңге есебінен инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – өнімділікті 10–15 пайызға арттыруға бағытталған ғылыми-инновациялық технологияларды сынақтан өткізу және қолдану.
Ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту және жаңа нарықтарға шығу мақсатында өңірде халықаралық өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою жұмысы жүзеге асырылып жатыр. Эстонияның «Muga Grain Terminal» астық терминалымен жасалған екіжақты меморандум аясында Эстония мен Еуропа елдеріне шығарылатын бидай экспортының көлемі едәуір артты. Осы жылдың сегіз айында 155,6 мың тонна бидай экспортталды. Астық өнімдерін ішкі нарыққа жеткізудің көлемін арттыру үшін облыс орталығындағы әуежай базасында авиаагрохаб құру қажеттігі бар. Қатар еліне әуе арқылы қой етін экспорттаудың оң тәжірибесі қалыптасып отыр. Бұл шешім тасымалдау қатынастарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қордағы жердің жалпы көлемі 1 млн 027,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер көлемі – 849,6 мың гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан және жер заңнамасын бұза отырып берген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Қайтарылған жер көлемі 759 мың гектарға тең. Бұл жерлер қордағы жер құрамына енгізілді, болашақта ауыл шаруашылығы айналымына тартуға әлеуетті ресурс болып табылады. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ішінен қазір 393,1 мың гектар қайта бөлінді, қалған 155,1 мың гектар қайтарылған жер бойынша қайта бөлу жалғасып жатыр.
Мемлекет басшысы қойып отырған талап деңгейінен шығу үшін ел игілігін еселеу бағытында осындай ауқымды шараларды мүлтіксіз атқаруымыз қажет.
Ақмола облысы