Үкімет • Бүгін, 11:10

Үкіметте АӨК саласындағы жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов LuLu Group International компаниясының негізін қалаушы Юсуф Али Мусалям Виттиль Абдул Кадермен кездесті. Кездесуде агроөнеркәсіп кешенінде және сауда саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметте АӨК саласындағы жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Юсуф Али қазіргі таңда компания Қазақстаннан ет және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп отырғанын айтып, серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ ол еліміздегі қолайлы инвестициялық климат пен зор әлеуетті ерекше атап өтті.

Тараптар Қазақстан аумағында ет өңдеу зауытын және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға арналған үлестіру орталығын салу жоспарына тоқталды.

Өз кезегінде Олжас Бектенов Үкіметтің бұл бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, аталған жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмалармен үйлеседі.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарлары әлемнің 70-тен астам мемлекетіне экспортталады. Алдағы уақытта саланың өнімділігін үш есеге арттыру есебінен экспорт көлемін екі есеге ұлғайту жоспарланған.

«Агроөнеркәсіп кешені еліміздің экономикасында қашанда маңызды орында. Қазақстан бірлескен агротехнопарктер мен экспортқа бағытталған логистикалық хабтар құрудан бастап, электронды коммерцияны және басқа да жобаларды дамытуға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Ол үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған», деді Олжас Бектенов.   

Кездесу соңында мемлекеттік органдарға ұсынылған жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.