
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Халыққа Жолдауында Президент елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, оны Еуразиядағы жетекші әуе хабына айналдыруды тапсырды. Қарағанды облысында бұл міндеттің қалай орындалып жатқаны туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.
Өңірде электрондық коммерцияға арналған «Teez» сауда-логистикалық қоймасы іске қосылды. Оның қуаты жылына 27 миллионға дейін тапсырысты өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл шағын және орта бизнесті дамытады. Сонымен қатар Сарыарқа әуежайы жаңғыртылып, онда мультимодальды аэрохаб – CargoHUB Karaganda құрылуда. Осы мақсатқа 354 гектар жер бөлініп, кірме теміржол жолы жобаланып, көлемі 6 мың текше метр болатын жанармай құю кешені салынып жатыр.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес, CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабын және Сарыарқа әуежайы аумағында АЭА-ның субаймағын құру мәселесі пысықталу үстінде. Бұл нысан болашақта Орталық Қазақстан ғана емес, оның аумағынан тыс халықаралық жүк тасымалының негізгі орталығына айналады. Жаңа жанармай құю кешенінің құрылысы басталды. Достық – Мойынты теміржол учаскесінде қос жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Балқаш әуежайы жаңғыртылып жатыр. Мұның бәрі өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.
2030 жылға қарай Қарағанды әуежайы арқылы өтетін жүк көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғаймақ. Бұл шамамен 2 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке қосымша кіріс әкеледі.
Жиын барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттің «Бүгінгі дәуірдегі біздің басты байлығымыз – мұнай емес, білім мен интеллект» деген сөзін негізге ала отырып, Қарағандының ежелден білікті кадрларымен, мықты білім беру әлеуетімен танылғанын тілге тиек етті. Өңір басшысы ғылымға, өнеркәсіпке, медицинаға өлшеусіз үлес қосқан мамандарды даярлаған өңір бүгін, заман талабына сай, алгоритммен, жасанды интеллектімен жұмыс істейтін кадр тәрбиелеуі керектігін баса айтты.
Сонымен қатар, облыс әкімі: «Қарағанды өңірі болашақ Қазақстанның зертханасына айналуға тиіс – мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технология, ауыр өнеркәсіп пен жасанды интеллект тоғысуы қажет. Сонда біздің белсенділігіміз бен бастамашылдығымыз тек өңірдің емес, тұтас елдің даму қарқынына әсер етеді», деді.
Басқосу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері жөнінде баяндама жасады. Ол заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу аталған сала жұмысын жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ал инвестиция, туризм, кәсіпкерлік және өңдеу өнеркәсібіне қатысты өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысын облыс әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына жауапты орынбасары Ермек Алпысов баяндады. Оның айтуынша, қазірде облыста 120 инвестициялық жоба қолға алынды. Соның арқасында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс.
– Драйверлер қатарына машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару, сондай-ақ қайта өңдеудің жаңа бағыттары жатады. «Сарыарқа» АЭА мен «Saran» индустриялық аймағы табысты жұмыс істеп тұр. Инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін орталық бар, – дейді Е.Алпысов.
Өңірде геологиялық барлау дамып келеді. Бұл минералдық-шикізат базасын кеңейтіп, сирек жер металдарын қайта өңдейтін кәсіпорындарды іске қосуға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында агротехнологиялық хаб құрылады, мұнда озық ғылыми әзірлемелер, білім беру бағдарламалары және бизнес-платформалар шоғырланады. Ол ауыл шаруашылығының инновациялық өсуіне, өнімділік пен оның сапасын арттыруға, сондай-ақ білім мен технологияларды экспорттау алаңына айналуға тиіс.
– Биыл 1 100 басқа арналған, жылына 9 мың тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Сонымен қатар жылына 200 тонна сүт өнімдерін шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Қуаттылығы жылына 55 мың тонна болатын, 6 мың басқа арналған ірі сүт фермасы салынып жатыр. Бұл жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын құрып, өңірдің азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттырады. Облыста қайта өңдеу өнеркәсібі де белсенді дамуда: ет, сүт, ұн тарту және нан-тоқаш өндірістерін қоса алғанда, 207 кәсіпорын жұмыс істейді. Мұның бәрі отандық қана емес, шетелдік инвесторларды да тартып отыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков.
Техникалық қайта жарақтандыруға да айрықша назар аударылады: ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартылып, лизингтік қаржыландыру дамуда, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш пен асыл тұқымды мал шығындары субсидиялануда. Мұнымен қоса цифрлық технологиялар және аграрларды оқытудың заманауи тәсілдері енгізіліп жатыр.
Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы аясында атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды.
Сондай-ақ алдағы 5 жылда «Qarmet» АҚ-на тиесілі өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және компанияның инвестициялық жобаларын іске асыруға байланысты жоспарын бөлісті. Кәсіпорынның тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Ербол Исмаиловтың айтуынша, аталған жобаға 1,6 трлн теңге бөліну жоспарланып отырған көрінеді.
Қоршаған ортаны қорғау, суды үнемдеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін шешу жолдарын облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов ұсынды. Баяндамашы «Таза Қазақстан» республикалық жобасының маңыздылығына айрықша тоқталып өтті.
Отырысты түйіндеген облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы: «Тұрақты даму – бұл тек экономика мен экология ғана емес, сонымен бірге мызғымас құқықтық негіз. Мықты мемлекеттің іргетасы – әділетке негізделген заң, парасатты билік және жауапкершілігі жоғары азаматтар. Осының бәрінің түпқазығы – Заң және тәртіп. Олай болса, Президент белгілеген стратегиялық бағыттар бойынша жұмысымызды жүйелеп, нақты қадамдарға көшейік», деді.
Қарағанды облысы