
Сол жылы ауылдан белсеніп шыққан 15 жас гектарлап бау-бақша егіп, әжептәуір табыс тауыпты. Келесі жылы қатары көбейіп, дән сепкен алқаптары да ұлғая түсіпті. Бүгінде осы еңбек бригадалары қатарында жұмыссыз, NEET санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жас жұмыс істейді. Талапты жастарға мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Мәселен, егіндік жер беріліп, оны демеушілік есебінен жыртып, егін алқабын қоршау мен жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген.
Аудандағы Аманкелді ауылында да 2023 жылы осындай бригада құрылыпты. Осы күні ауылдың 10 баласы қауын-қарбыз, асқабақ, жүгері мен картоп егіп, өнімдерін жинап жатыр. Жаз бойғы еңбегінің жемісін күзде өтетін жәрмеңкелерде саудаға шығарады. Талапшыл жастарға ауыл әкімдігі тарапынан егіндік жер, аяқсу жағынан қолдау бар. Дария деңгейі төмендегелі бері оларға сорғы беріліп, егінін суаруға жағдай жасалып келеді.
Ауылдық округ әкімі аппаратының әдіскері, жастар ісі жөніндегі маман Бексұлтан Серікбаевтың айтуынша, жастар қыста да жұмыссыз қалмайды. Қоғамдық негіздегі жұмыстардан бөлек, біразы жалданбалы кәсіпке көшеді. Көктем шыға бау-бақшаның қамына қайта кіріседі.
«Осы ауылда көп жылдан бері егін егілмей келген. 2021 жылдан бастап қана ауыл әкімдігінің бастамасымен егін шаруашылығымен айналысуға қадам жасалды. Алғашқыда 30 үй бастаса, қазір олардың қатары 100 отбасынан асты. Осылардың ішінде жастар бригадасының орны бөлек. Қатарына үлгі болып, еңбектен қашпаған жастар үшін жұмыссыздық сылтау емес екенін дәлелдеп келеді. Рүстембек Әубәкіров, Ғалымжан Жанахметов, Шарапат Әбдікәрімов, Мейірхан Ишанбек секілді жастардың еңбегі көпке үлгі. Олардың қатары жылдан-жылға артып жатқаны да қуантады», дейді Б.Серікбаев.
Аманкелдімен қатар іргелес Айдарлы ауылының жастары да – «қыстың қамын жазда ойлайтындардың» қатарында. Алғашында 6 жігіттен құралған топ қатары жыл санап толығып келеді. Маусым кезінде ала таңнан жұмысқа кірісетін олар бақшаны арамшөптен отап, суарады, түбін бірлейді.
Аудан жастарының басын қосқан осындай бригадалар бүгінде осы екі елді мекеннен бөлек Жетікөл, Бесарық, Шіркейлі, А.Тоқмағанбетов ауылдарында жүйелі түрде ұйымдастырылған. Жобаға қатысқан 150-ге жуық жас 60 гектар жерге картоп пен бақша өнімдерін егіп, мол өнім жинап отыр.
Жалпы, кейінгі жылдары Сыр өңірінде жастардың белсенділігі байқалып келеді. Мысалы, Жаңақорғандағы «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобындағылардың қатары бүгінде 300-ден асыпты. Кәсіпкерлер мен белсенді жастар мүше болған еріктілер тобы мен аудан тұрғындары бірігіп, мұқтаж отбасыларға жаңа үй кілтін табыстауды дәстүрге айналдырған.
Спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, қайырымдылық, руханият, білім бағытында жұмыс істейтін еріктілер тобы 6 жыл ішінде 13 отбасына үй сыйлапты. Осындай үздік үлгі Қазалы жастарына да тән. Олар да қиындықта қалған талай жерлестеріне қолұшын созып, бірнеше мәрте асар әдісімен баспана салып берді.
Қызылорда