
Осыдан бірер жыл бұрын облыстық мәслихат депутаттары Александра Серғазинова мен Динара Өтебаева Ақаң атындағы әуежайға алыс-жақыннан келіп жатқан шетелдік жолаушылар Алаш ардақтысының кім екені жөнінде толымды дерек алатындай мұражай залы керек дегенді айтқан. Сабақты ине сәтімен дегендей, бұл игі бастама Сайлаубек Есжанов, Мархабат Жұтаев сынды елжанды азаматтар тарапынан қолдау тауып, қажетті қаражат та табыла кетті.
Музей экспозициясы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қайраткерлік қызметінің хронологиясы көрсетілген сегіз үлкен стендтен тұрады. Ақаңның асыл мұрасы, әр жылдары түскен суреттері де осы жерден табылады.
Мұражай залына сенсормен басқарылатын цифрлық монитор қойылған. Бұл жерде жолаушылар ұлт ұстазының ғұмырнамасына қанығып, архив материалдарымен таныса алады. Цифрлық монитордың көмегімен Ахметтің өмірі мен қызметіне қатысты викториналық сұрақтарға да жауап беруге болады.
Музейдегі дерек-құжаттың бәрі бірнеше тілге аударылғандықтан, оны кез келген жолаушы түсініп оқи
алады.
Мәслихат депутаты Александра Серғазинованың айтуынша, әуежай музейі Әзірге цифрлық форматта ғана жұмыс істеп тұр. Алайда уақыт өткен сайын музей қоры жаңа жәдігерлермен толыға түспек.
Қостанай облысы