
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламас бұрын палата төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауының маңызын атап өтті. Президенттің депутаттық корпус жұмысына, ауқымды реформаларға қосқан үлесіне алғыс білдіргеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысының арнайы назар аударып, жұмысымызға жоғары баға беруі заң шығару ісінде қарқынымызды одан ары арттыруға құлшындыра түседі деп ойлаймын. Әрқайсыңыз жұмыс бағытын Жолдау тапсырмасына сай пысықтаңыздар, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ ол Президент маңызды бастамалар көтеріп, алдағы жұмыстың аясын айқындап, нақты мерзімін белгілеп бергенін атап өтті.
– Біздің ендігі міндетіміз – Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, – деген Е.Қошанов Жолдауда қамтылған басым бағыттарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Одан бөлек, Жолдауда еліміз үшін тағы бір маңызды реформаны қолға алу ұсынылғанын еске салды. Ол – Парламенттік реформа. Ерлан Жақанұлы болашақта бір палаталы Парламент жүйесіне көшу ісін тек халықпен бірге талқылап шешу қажет деген Президенттің ұстанымы уақыт талабына сай екенін дәйектеді.
– Мемлекетіміздің болашағына қатысты тағдыршешті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру – Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Жалпы, бір палаталы Парламент идеясы қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келеді. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды. Сондықтан бұл бастама кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, байыпты реформалардың жалғасы ретінде қабылдануы қажет, – деді Е.Қошанов.
Сөз соңында Мәжіліс төрағасы Президент жүктеген міндеттерді іске асыру үшін әр депутаттың, әр фракцияның табанды еңбегі мен қажырлы қызметі қажет екенін айтты.
Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады. Ол туралы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева таныстырды. Баяндамашы заң жобасы Мемлекет басшысының қаржы секторын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін жеткізді.
– Бұл заң бүкіл банк секторы үшін бірыңғай әрі тиімді негіз құруға мүмкіндік береді. Банктерге қадағалау күшейтіліп, оларды ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптар өзгереді. Негізгі бастаманың бірі – базалық банктік лицензияны енгізу. Бұл жаңа банктердің нарыққа кіру шартын жеңілдетіп, бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ бизнесті несиелеуге оң әсер етеді. Сонымен қатар қаржы ұйымдары басшыларына қойылатын стандарт күшейеді. Бұл басқару қызметіне тек кәсіби даярланған және адал мамандардың келуін қамтамасыз етеді, – деді Т.Савельева.
Депутаттың айтуынша, жаңа заң жобасындағы жаңашылдықтың бірі – төлем қабілетінсіз банктерді реттеу тетігін енгізу. Проблемалық банктердің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтірудің жаңа тәсілдері енгізіледі, бұл салымшылардың мүддесін қорғауға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.
Баяндамадан ұққанымыз еліміз ең төменгі жалақыны айқындау тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітпек. Қысқасы, Мәжіліс дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялады.
Жалпы, 131 конвенцияны ратификациялағаннан не ұтамыз? Біріншіден, еліміздің ең төменгі жалақыны айқындайтын қолданыстағы тәсілдері халықаралық деңгейде бекітіледі, мемлекеттің Халықаралық еңбек ұйымына мүшелігі аясында халықаралық міндеттемелерге адалдығын растауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Осы арқылы енді отандастарымыздың Қатарда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері арта түспек.
Аталған заң жобасын таныстырып, баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова заңда еліміздің азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету тетіктері ескерілгенін атап өтті.
– Ол үшін мынадай айқын рәсімдер белгіленеді: іріктеу, Қазақстан азаматтарын жұмысқа қабылдау және олардың Қатарда жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтарын айқындау. Келісімге қосымша ретінде еліміздің азаматтарын Қатарда жұмысқа қабылдауға арналған үлгілік еңбек шарты бекітілген. Бұл еңбек шартының ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізуге Қатардағы жұмыс берушінің құқығы жоқ, – деді министр С.Жақыпова.
Сондай-ақ осы заң жобасын талқылау барысында Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген отандастарымыздың тағдырына қатысты да мәселе сөз болды.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев министр Светлана Жақыповадан Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге барған азаматтарымыздың миграция заңын бұзбауы және еңбек визасы аяқталғанда елге қайту мәселелерін шешу тетіктері, сондай-ақ Оңтүстік Кореямен жасалған меморандумдарды пайдалана отырып, ел азаматтарын уақытша еңбек етуге жіберу мүмкіндіктері туралы сұрады.
Министр С.Жақыпова депутаттың Қазақстан мен Корея арасындағы келісімді ратификациялау мәселесінің созылып кеткеніне қатысты айтқан сыны орынды екенін мойындап, жыл соңына дейін осы жұмысты аяқтауға уәде берді.
– Кореяда болған жағдай өздеріңізге жақсы мәлім. Яғни президент орнынан кетіп, одан кем дегенде 2-3 ай министр тағайындалмады, ол мәселелер қаралмады, сонымен созылып кетті. Қазір Корея тарапы жол картасын қабылдау, оның аясында нақты іс-шараларды жазу сынды бізге қайтадан талап қойды. Яғни сол іс-шаралар арқылы Кореяда заңсыз жүрген отандастарымызды елге қайтып алып кетуді сұрап отыр. Қазір осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді С.Жақыпова.
Министр сондай-ақ еліміздің тарапы Кореяға алғашқы жоспарын ұсынғанын, қазір ол жоспар қаралып жатқанын жеткізді.
Жалпы отырыстың соңында мәжілісмендер депутаттық сауалдарын жолдады. Сөз бастаған депутат Ермұрат Бапидің сауалы бұл жолы ешқандай құзырлы мекемеге емес, жалпы қоғамға бағытталды. Яғни ол ағайынмен ақылдасудың амалы ретінде ертеңгі ұлт мүддесін ойлаған, қанжардың жүзінде қырық құбылып тұрған қазіргі әлемде ел болашағын бағдарлаған азаматтарға арнап Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты үн қатты.
– Президенттің парламенттік реформа жасау жолындағы бастамасын ерекше атап өту керек. 30 жылға жуық саясат аренасының бір пұшпағында жүрген мен өзім бұл реформа ел Парламентін нақты саяси күшке айналдыруға, ықпалды Парламент формуласын шынайы жүзеге асыруға бағыттайды деп санаймын, – деді Е.Бапи.
Ал «Ауыл» партиясының төрағасы, фракция жетекшісі Серік Егізбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке бағыттап, ауылдарда тұрғын үй салу мәселесі бойынша жолдаған депутаттық сауалында кейінгі 20 жылда елімізде 1 400-ден аса ауыл жойылып кеткенін айтып дабыл қақты.
– Бүгінде еліміздің 15 өңірінде ауыл халқы санының айтарлықтай азаюы тіркеліп отыр. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіштер Абай облысында – 3,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 3% және Қарағанды облысында 2,9%-ды құрап отыр. Осы жылдың 1-жартыжылдығында 383 мың отандасымыз қоныс аударса, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға қоныс тепкен. Кейінгі 20 жылдың ішінде елімізде 1 400-ден аса ауыл жойылып кетті, ал Үкіметтің бағалауы бойынша тағы 500 ауылдық елді мекен «перспективасы жоқ» елді мекендер қатарына енгізіліп отыр, – деген депутат ауыл адамдарының тағдырына, жабылып қалған мектептер мен медициналық пункттердің, иесіз қалған ауылда жалғыздықта өмір сүріп жатқан қариялардың, болашағын ауылдан емес, қаладан іздеуге мәжбүр болған жастардың жайына алаңдаушылық білдірді. Депутат осы мәселе бойынша Үкімет басшысынан нақты шаралар қабылдауды сұрады.
«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, ерекше табиғи құндылығы бар нысандарды мемлекет қорғауына алу қажеттігін айтты. Яғни еліміздің туризм саласындағы тарихи-мәдени нысандардың мәртебесіне қатысты мәселе көтерді.
– Туризмді дамытқан күннің өзінде тарихи, мәдени байлығымызды көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек. Мысалы, жуырда Ұлытау ұлттық паркінде «Әулие таудағы» жеті әулиеге қойылған таңбалы тастарды белгісіз біреулер қиратып кеткен. Бұл – ұлттық құндылыққа жасалған қиянат, – деді Е.Смолякова.
Депутат нысандарда тәртіпті қадағалау үшін «Цифрлық Қазақстан» концепциясы аясында «Starlink» жүйесін қолдана отырып, бейнебақылау камераларын орнатып, туристік полицияға және Ұлттық саябақ қызметкерлеріне дрон арқылы бақылау мүмкіндігін жасау қажеттігін ұсынды.