
Жылдың басты саяси оқиғасы – ел дамуының стратегиялық басым бағыттарын айқындаған биылғы халыққа Жолдауда жаңа технологиялар дәуіріндегі міндеттер белгіленіп, келелі бастамалар көтерілді. Талқылау алаңына жиналған сарапшылар – Мәжіліс депутаттары Ажар Сағындықова, Екатерина Смолякова, Қырғыз Республикасы елшілігінің кеңесшісі Алим Тоқтомамбетов, Еуразиялық интеграция институты Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов пен өзге де мамандар Жолдауда айтылған жоспарлар мен бастамалар төңірегінде ойын ортаға салды.
«Жолдаудың тұжырымдамалық қаңқасы елді терең цифрлық трансформациялау, экономиканы әртараптандыру мен цифрландыру, оның ауқымды құрылымдық жаңғыртылуы, сондай-ақ экономикалық және саяси реформалардың берік ғылыми әрі заңнамалық негізін құруға негізделген. Президенттің ең маңызды стратегиялық міндеті – алдағы үш жыл ішінде мемлекетімізді толыққанды цифрлық елге айналдыру. Осы бағытты үйлестіру үшін ол Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Сонымен қатар Президент елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, макроэкономикалық тұрақтылықты қалыптастыруға, инвестициялық саясат пен бизнес жүргізу шарттарын қайта қарауға, цифрлық активтер экожүйесін құруға, өнеркәсіптік әлеуетті толық ашуға, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын жан-жақты орнықтыруға бағытталған бірқатар міндетті алға қойды», деп атап өтті Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат.
Қырғыз Республикасы елшілігінің кеңесшісі А.Тоқтомамбетов өз елінің Қазақстан басшылығы дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан мемлекеттік басқаруды нығайту мен саяси жаңғыртуға, экономиканы және әлеуметтік саланы ауқымды түрлендіруге бағытталған саясатты толық қолдайтынын жеткізді.
«Біз Қазақстанның Орталық Азияның экономикалық даму көшбасшысы болатынына кәміл сенеміз. Қырғызстан мен Қазақстан екіжақты байланыстар кешенін одан әрі кеңейтуге бағытталған бірлескен күш-жігерді нақты түсінеді, осылайша жетістіктерге қол жеткізіп, қазіргі сын-қатерлер мен кедергілерді бірге еңсереді», деп ол ойымен бөлісті.
Депутат А.Сағындықованың айтуынша, кез келген құқықбұзушылық пен заңсыздыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстану – ұран емес, нақты іс-әрекетке бағыт-бағдар. Заңға құрмет танытпай озық ұлт құру мүмкін емес.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы алдыңғылардан елдің өркениеттік дамуына ерекше назар аударуымен ерекшеленді. Әсіресе Каспий мәселесі назарымды ерекше аударды. Теңіз тартылып барады, экожүйе бұзылып, таза суға қолжетімділік азайып жатыр. Бұл өңірдің болашағына қауіп төндіреді. Біз әрекет етуіміз керек: бірлескен мониторинг орнатып, өнеркәсіптік жүктемені азайту, заманауи су пайдалану технологияларын енгізу, ғалымдар мен жергілікті қауымдастықтарды тарту қажет. Президенттің Каспий теңізін құтқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама құру бастамасы – уақтылы әрі аса маңызды қадам», деді депутат.
Ал Е.Смолякова өзі жиі көтеріп жүрген туризм мәселесіне биылғы Жолдауда да айрықша назар аударылғанын тілге тиек етті.
«Президенттің айтуынша, туризм ел экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналуға тиіс. Мәселен, егер 2020 жылы елге небәрі 2 млн турист келген болса, 2024 жылы олардың саны 15 млн-нан асып, саланың жылдық табысы 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл турзим саласының өміршеңдігі мен тұрақтылығын, сондай-ақ еліміздің бай мәдени-рухани мұрасына жоғары қызығушылық бар екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға туризм инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп, осы жұмыстың сапасына жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сондықтан жергілікті жерлерде визит-орталықтар құру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе», деді ол.