
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында Әділетті Қазақстан құрудағы өз принциптерінің мызғымайтынын көрсетіп келеді. «Әсерлі Парламент», «Заң және тәртіп», «Еститін мемлекет», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» сияқты тұжырымдамалар қоғам санасының ажырамас бөлігіне айналды.
Сонымен қатар, жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу нақты жобалық тәсілді қажет етеді. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы Президент бағытын берік ұстанып келеді. Мысалы, соңғы үш жылда «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан және заңсыз иеленген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 2022 жылдан бері 13,5 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.
Алайда, Ерлан Саиров атап өткендей, қайтарылған жердің тек 6 млн гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға берілген. Ал 7,5 млн гектар жер бос тұр, сонымен қатар 82,9 млн гектар жер қоры тиімсіз пайдаланылып жатыр. Бұған қоса, 29 млн гектардан астам жер деградацияға ұшыраған, оның ішінде шамамен 3 млн гектар жер тұздануға бейім.
Депутат жерді тиімді қайта бөлу үшін топырақтың сапасы, жердің өнімділігі мен ауыл шаруашылығының әртүрлі түріне жарамдылығы туралы нақты деректер қажет екенін айтты. Алайда Қазақстанда мұндай деректерді шоғырландыратын бірыңғай ақпараттық жүйе жоқ. Бұл жағдай азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдағы жұмыспен қамтуға және инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер етуде.
Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жерді оның құнын түсінетіндерге ғана беру керектігін атап өті п, Жер ресурстарының цифрлық картасын жасауды тапсырды.
«AMANAT» фракциясы бұл мәселені шешу үшін:
-
Келесі егіс науқанына дейін 7,5 млн гектар жерді ауыл тұрғындары мен фермерлерге әділ және ашық түрде үлестіруді;
-
Жер ресурстарының цифрлық картасы мен жайылымдар кадастрын жедел іске қосуды;
-
Жердің нақты деректерін кадастрлық мәліметтермен біріктіруді ұсынды.