
Дамудың 5 бағыты
Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жолдауда алға қойылған міндеттер шеңберінде жұмыс бірнеше бағыт бойынша жалғасатынын айтты. Олар – жаңа инвестициялық цикл, «Alatau City»-ды дамыту, инфляциямен күрес, импортқа тәуелділікті азайту, экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту.
«Мемлекеттің инвестициялық белсенділікті ынталандыруы экономикалық өсуді жеделдетіп, 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі еселеу мақсатына жұмыс істейді. Үкімет жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құруға болатын автомобиль, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындады», деді С.Жұманғарин.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Инвестиция тарту жүйесін жаңартуға қадам
Президент межелеген міндеттерді орындау үшін елге тартылатын инвестициялар ағынын арттыру керек. Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айтып, Үкіметке 10 күн уақыт берді. Сондықтан қысқа мерзімде инвесторлармен бірыңғай өзара іс-қимыл тетігін құрып, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңартуға қадам жасау қажет. Инвестициялар аясында тартылған әрбір теңгеге нормативтік актілермен және оңтайлы тәжірибемен бекітілген мықты кепілдіктер ұсынылуы шарт. Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестиция тарту үшін арнайы іс-шаралар, оның ішінде преференциялар көзделеді. Бұл ретте Үкімет басшысы басты іс-әрекеттер тізбегін ұсынды.
Президент мемлекеттік секторды реформалау бағытында нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттің экономикадағы үлесінің нақты шегін және басқаруға қойылатын құқықтық талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекітуге тиіс. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаражатты уақтылы игеруді қамтамасыз етуі қажет. Қаржылық тәртіпті күшейтіп, бекітілген бюджет параметрлерін қатаң сақтау мен әрбір теңгені барынша тиімді пайдалануға күш салу маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жасанды интеллектіні қолдана отырып, салық төлеушіні сервистік сүйемелдеу тетігін енгізу жоспарлануда. Қаржы министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірге Мемлекеттік кірістер комитетінің Деректерді өңдеу орталығын құруды қамтамасыз етеді. Цифрландыру министрлігі салық және кедендік әкімшілендіру қызметтерін көрсету үшін аталған орталықты жасанды интеллектіге қатысты қажетті ресурстармен қамтиды.
Президент шекарадағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударды. Олар көлік-логистикалық кешенді дамытудың маңызды элементі болып саналады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерінде өту уақыты 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. Үкімет шекарадан өту рәсімдерінің барлығын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Өткізу пукттерінде жылдамдық пен жайлылық стандартқа айналуға тиіс. Қаржы министрлігіне Көлік министрлігімен, әкімдіктермен және Шекара қызметімен бірге жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды тапсырған Премьер-министр, кеден бекеттері айналасындағы инфрақұрылымды – қоймалар мен сервистік нысандарды дамыту қажет екенін еске салды.
«Президент Алатау қаласы мен оның ерекше мәртебесіне айрықша назар аударды. Ұлттық экономика министрлігі Үкіметке тікелей бағынатындай етіп, «Алатау қаласы туралы» Президент Жарлығының жобасын 5 күн мерзімде пысықтап, Үкімет аппаратына енгізсін. Сондай-ақ Алатау қаласының құқықтық режіміне және оны басқаруға қатысты заңнамалық актілердің жобаларын үш ай мерзімде әзірлесін. Цифрлық даму министрлігі бір ай мерзімде үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Ақылды қалалар» тұжырымдамасын кеңінен тарату бойынша іс-шараларды әзірлесін», деді Үкімет басшысы.
Ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін өңірлер экономикасының өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың функциясы мен өкілеттіктерін кеңейтіп, оларды даму институттарына айналдыруды көздейтін заңнамалық түзетулер жобасын Үкімет аппаратына енгізеді.
«Digital Qazaqstan» тұжырымдамалық құжаты дайындалады
«Нақты секторға қатысты Мемлекет басшысы Жолдауда барлық салада жасанды интеллекті мен цифрландыруды енгізуге басымдық берді. Жедел шаралар қабылдау үшін цифрлық штаб құрылды, оның аясында қазір бірқатар шешім қабылданып жатыр. Оны алдымызда тұрған жүйелі мәселелерді шешу үшін одан әрі пайдаланамыз. Цифрлық штаб қабылдаған барлық шешім мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін тағы да атап өткім келеді. Цифрлық даму министрлігі Парламентте Цифрлық кодекстің және «Жасанды интеллект туралы» заң жобаларының пысықталуын жеделдетсін. Бұдан бөлек, цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі «Digital Qazaqstan» тұжырымдамалық құжатын әзірлеуге кірісу керек», дейді О.Бектенов.
Оның айтуынша, аталған құжат саланың алдағы үш жылға арналған негізгі бағыттарын қамтып, жауапкершіліктің аражігін нақты бөліп беруі қажет. Бұған қоса, құжатта тиісті нәтижелер де көрініс табуы керек. Сондай-ақ Цифрландыру министрлігі қайта ұйымдастыру мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы Президент Жарлығының жобасын енгізуге тиіс. Атап өтетін жайт, жаппай цифрландыру жаңа салалық ведомствоға ғана қатысты емес. Барлық салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшыларына да жауапкершілік жүктелмек.
Президент өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беріп, осы бағытта жүйесіз жүргізіліп жатқан қолдау шараларын ретке келтіруді тапсырды. Осы орайда Өнеркәсіп министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір ай мерзімде бытыраңқы және қайталанатын тәсілдерді алып тастап, өңдеу өнеркәсібін қолдау шараларының бірыңғай жүйеленген іс-шаралар пакетін әзірлеу тапсырылды. Арнайы экономикалық аймақтарға көп үміт артылғанына қарамастан, аталған құралдардың өңір өнеркәсібін дамытуға қосқан үлестері қойылған міндеттерге сәйкес келмейді.
«Әкімшілендіру мен инвесторлар тартудың жаңа тәсілдері есебінен арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі екі ай мерзім ішінде арнайы экономикалық аймақтарды басқаруды жеке, соның қатарында шетелдік компанияларға беру мүмкіндігін қарастыра отырып, оларды басқару тәсілдерін өзгерту бойынша ұсыныстар дайындасын», деді Премьер-министр.
Жаңа тұрғын үй құрылысының қарқынын арттырып қана қоймай, олардың сапасына да баса мән беру – маңызды міндет. Осы ретте жасанды интеллектіні қолдана отырып, ғимараттарды ақпараттық модельдеу құралын қолданған жөн болмақ. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жыл соңына дейін құрылыс бойынша Бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу жүктелді. Сондай-ақ министрлік Құрылыс кодексінің жобасына қатысты барлық мәселені депутаттық корпуспен жедел пысықтауға тиіс.
«Мемлекет басшысы көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыру, соның ішінде Атырауда газ-химия кешенін, Павлодарда сұйытылған табиғи газ өңдейтін кәсіпорынды іске қосу қажеттігін атап өтті. Барлық жобаны белгіленген мерзімде уақтылы іске қосу үшін шаралар қабылдау қажет. Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, екі ай ішінде жаңа инвестициялық жобалар үшін газды ұзақмерзімді кепілді түрде жеткізуді қамтамасыз ету тетігін әзірлейді. Бүгінде еліміз энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін құрып жатыр. Ол тарифтер өскен сайын көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын көтереді. Бұл, әрине, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді», деді Премьер-министр.
Әлеуметтік кодекске аудит тетіктері енеді
Әлеуметтік блок бойынша, Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірге арналған бірыңғай стандартын әзірлейді.
«Біз әлеуметтік әділдікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын асырауға ұмтылуы керек. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Еңбек министрлігі жанындағы Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдар Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасының жедел келісілуін қамтамасыз етсін», деп тапсырма берді Премьер-министр.
Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта ішінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар жобасын әзірлеп, оны келесі отырысқа шығаруға міндеттелді.
«Жалпыұлттық жоспардың әрбір тармағының уақтылы орындалуына мониторинг жүргізу үшін интеллектуалдық цифрлық құралдар мен тетіктерді қолдану қажет. Үкімет қабылдайтын барлық шара мен қадамдар азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталуға тиіс», деді О.Бектенов.