Қоғам • Бүгін, 08:50

Әлеуметтік‑еңбек саласындағы цифрлық шешімдер

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміз үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек екенін айтты. Оған осы кезде әртүрлі салада алғышарттар қалыптасып үлгерді. Цифрлық шешімдердің арқасында медицина, білім-ғылым, кәсіпкерліктен бастап, әлеуметтік сала, мемлекеттік қызметтегі қауырт жұмыс біршама оңтайланды. Ашықтық қағидаты сақталып, қаржы үнемделді. Дәл осы мақсатта әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді де цифрландыруға басымдық беріліп отыр.

Әлеуметтік‑еңбек саласындағы цифрлық шешімдер

Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырындағы 49 мемлекеттік қыз­меттің 45-і электрондық түрде қол­жетімді. 28 қызмет бойынша проак­тивті формат енгізілген. Жыл басынан тамыз айына дейін көр­сетілген 4,2 млн қызметтің 2,8 мил­лионы электрондық форматта болса, 1,2 мил­­­лионы проактивті түр­де беріл­ген. Осы жылдың бірін­ші жарты­­­жыл­дығында 2 жаңа қызмет автоматтандырыл­ды. Біріншісі – ересек, әрекеті шек­теулі азаматтарға қадағалау немесе қам­қоршылық орнатуға қа­­тысты. Екіншісі – осы азамат­тар­дың мүлкін және төлемдерін бас­қа­ру­ға рұқсат беру. Сондай-ақ қазір «eGov mobile» қосым­шасында «Қам­қоршылық орнату туралы мә­лі­мет» жаңа цифрлық құжаты пайда болды. Жалпы, бұл қосымша арқылы әлеуметтік-еңбек салаcын­дағы 35 қызмет пен 8 цифр­лық құ­жат қолжетімді. Бұдан бө­лек,­ анықтамалық ақпарат беру қыз­меттерінің басым бө­лі­гі мем­лекеттік қызметтер тізілі­мі­нен шы­ғарылып, пайдаланушы­ сұ­­ранысына қарай «eGov, «eGov-mo­bi­le», екінші деңгейлі банктердің қо­сымшалары сынды түрлі платформалар арқылы дер кезінде ұсы­нылып жатыр. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі Олжас Анафин әлеумет­тік-еңбек саласындағы мемлекет­тік қызметтерді трансформация­лау, цифрландыру жұмысы туралы жан-жақты айтып берді.

«Еңбекке орналастыру үдері­сін ашық әрі ыңғайлы ету мақса­тын­да еңбек мигранттары мен кәмелетке толмаған азаматтармен электрондық еңбек шарттарын, электрондық ұжымдық шарттарды жасақтау мүмкіндіктері енгізілді. «HR Enbek»  порталында қызметкердің жеке кабинетінде еңбекке жарамсыздық парақ­шалары, кәсіподақтарға арналған автоматтандырылған жұ­мыс орны функционалды, штат­­тық кестелерді электрондық түр­де жүр­гізу, сондай-ақ төтен­ше­ жағ­дай туралы хабарлау мүмкін­­діктері қосылды», деген О.Анафин жасанды интеллект не­гізінде енгізілген, енгізу жоспар­лан­ған құралдар жайында баяндады.

Мемлекет басшысы, Үкімет жасанды интеллектінің келешегіне ерекше назар аударып отыр. Бірінші жартыжылдықта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі жасанды интеллект моделін енгізсе, жыл соңына дейін осындай тағы бірнеше жүйе іске қосылады деген болжам бар.

– Бірінші кезекте ЖИ үлгісі интеллектуалды чат-ботта қолда­ны­лады. Чат-бот «Enbek» цифрлық эко­жүйесінде операторлар жүк­темесін азайту, қызмет сапасын арттыру мақсатында енгізілді. ЖИ арқасында пайдаланушылар­ онлайн режімде тәулік бойы жиі қойылатын сұрақтарға жауап,­ кеңес ала алады. Егер бот сәй­кес жауап таба алмаса, өтініш опе­раторға жіберіледі. Қазір шамамен 96 % өтініштер автоматты түрде, яғни қызметкердің кө­мегінсіз өңделген. Күн сайын­ чат-бот арқылы 600-ге жуық өті­ніш өңделеді,– деді вице-министр ЖИ мүмкіндігі мол екенін алға тартып.

Жыл басынан тамыз айына дейін ЖИ көмегімен 18,7 мыңнан астам өтініш қаралған. «Enbek.kz»  қосымшасында ЖИ технологиясы бос жұмыс орындарын іріктейді. Резюмені өңдеуге орта есеппен 2 секундтан аз уақыт кетеді. Артынша сервис ұсыныстар бере бастайды. Бұл бос жұмыс орындарды таңдау уақытын 80 %-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Енді министрлік ЖИ мүмкіндіктерін мүгедектік дәрежесін анықтауда тиімділікті арттыру үшін ен­гізуді көздеп отыр. Мұнда ЖИ медициналық қорытындыларды, сауалнамаларды, ауру тарихтарын және басқа мәліметтерді пайдалана отырып, мүгедектік дәрежесі мен санатын автоматты түрде анықтайды.

Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы қызметкердің жүктемесі азаяды, мекемелердің әлеуеті артады, көп уақыт алатын жұмысқа бұрынғыдай адам жиі араласпайды. Нәтижесінде, рәсімдердің объективтілігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл халықтың әлеуметтік қорғау жүйесіне сенімін нығайтады. Келешекте ЖИ атаулы әлеу­меттік көмек тағайындау кезінде азаматтардың жалпы актив­терін бағалау үдерісін автоматтандыруға қолданылатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жұмыстармен шектелмей, бірыңғай цифрлық платформа, деректерді талдаудың интеллектуалды модельдері сияқты ЖИ-ді қажет ететін цифрлық құралдарды одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Өйткені бұл қадам жұмыс үдерістерін автоматтандырып, қызмет көрсетудің ашықтығы мен жылдамдығына әсер етумен шектелмейді. Қызметкерлердің жүктемесін азайтып, қаржы үнемдеуге, әлеуметтік-еңбек саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.