Қоғам • Бүгін, 08:33

Көп шаруаны жеңілдететін карта

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесінде биылғы сегіз айда әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету қарқынды жүргізілді. 349,7 мың адамға SMS-хабарлама жолданып, 200 мыңнан астам адам өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе төлем алды.

Көп шаруаны жеңілдететін карта

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметінше, ОЦК мемлекет­тік органдардың қолданыстағы барлық ақпарат­тық жүйелерінің деректері негізінде қалып­тас­тырылады. Бүгінде еліміздің 20,2 млн азаматы (6,2 млн-нан астам отбасы) туралы ақпарат жинақталған.

ОЦК енгізудің басты мақсаты – ел азамат­тары­­ның мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетім­ділігін қамтамасыз ету. Әлеуметтік кодексте ОЦК әлеумет­тік саясаттың орта және ұзақмерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебе­сіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдау­дың да бір түрі.

Қазірде ОЦК мемлекеттік қолдау шарала­рын алуға құқығы бар жандарға қандай да бір өтініш­сіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің ­11 тү­рін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар: еңбек ету қа­білетінен айрылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлем; асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; баланың тууына, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақылар; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы; мүгедектігі бойынша жәрдемақы; көпбалалы отбасыларға бері­летін жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәр­демақы; атаулы әлеуметтік көмек; сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде ОЦК алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті рәсімдеу, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде іске асады. Содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.