Спорт • Бүгін, 08:17

32 жыл күткен жүлде

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетін­де «Мергендер Кванджуда жиналды» (05.09.2005 жыл) деген мақала жарық көрді. Онда садақ атудан өткен әлем чемпио­нат­тары тарихында еліміз­дің мергендері бір ғана медаль алғанына қынжылыс білдірген едік.

32 жыл күткен жүлде

Жоғарыда аталған жүл­деге ХХ ға­сырдың тоқсаныншы жылдары қол жеткіздік. 1993 жылы Түркияның Анталья қаласында ұйым­дас­тырылған байрақты бәсе­кенің классикалық садақ атушылар сайысында Яна Туниянц үздік үштікті түйіндеді. Содан бері бақандай 15 жарысқа қатыс­қанымызбен, қанжығамыз бір майланбай-ақ қойды. Міне, ен­ді арада 32 жыл өткен соң, қазақ жанкүйерлері медаль­дың сыңғырын естіді. Оңтүстік Корея­ның Кванджу қаласында жалауы желбіреген әлем чемпио­натында блоктық садақ атудан құ­рамында Әдел Жексенбинова, Виктория Лян, Роксана Юнусо­ва сынды садақшылары бар біз­дің команда қола медаль иелен­ді. Бастапқы бәсекелерде Польша (229:227), Эстония (230:226), Италияны (228:227) ұтқан жер­лестеріміз жартылай финалда дәл осы доданың үш дүркін күміс жүлдегері Мексикамен кездесті. Негізгі уақыт 231:231 есебімен тең аяқталды. Қосым­ша уақытта ацтектердің бағы жанды – 30:29.

Мергендеріміз үшінші орын үшін тартыста Ұлыбританиямен шеберлік байқасты. Жалпы, жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыс­та Тұманды Альбион елінің өкілдері 54 (9 алтын + 18 күміс + 27 қола) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Сын сағатта осындай аса азулы команданы отандас­тарымыз ауыздықтай алды. Аса шиеленісті өткен бәсеке 232:229 есебімен біздің шеберлердің пайдасына шешілді.