
Облыс әкімі жиналғандарды егінге орақ түсуімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Бүгінгі сәт – диқандардың еккен бір дәні мың дән болатын, халықтың ризық-несібесі қамбаға жиналатын жауапты шақ. Биыл облыс бойынша 189 600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде күріш көлемі 80 900 гектар болды. Кейінгі жылдардағы су тапшылығын Сыр диқандары қатты сезініп келеді. Биылғы вегетациялық кезең де өте күрделі жағдайда өтті. Осы сындарлы сәтте Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде жүргізілген келіссөздер бізге үлкен қолдау болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет резервінен 53 жылжымалы-дизельді насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, шаруалар оны игілігіне пайдаланды. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды, 25 дизельді қондырғыны жеткізіп, екі ай бойы су тапшылығы туындаған аумақтарда уақытпен санаспай жұмыс атқарғанын да айрықша айта кетуіміз керек», деді.
Оның сөзінше, өңірде арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану мақсатында егістікті кезектесіп суару мен қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану жолға қойылды. Нәтижесінде, күріш көлемін барынша шығынсыз сақтау мүмкін болды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еңбеккерлерді құттықтап, вегетациялық кезеңдегі күрделі жағдайға қарамастан жақсы жетістікке жеткен Сыр диқандарына ризашылығын білдірді. Күрішке алғашқы орақ түсер сәтке жиналған жұрт алдында Қызылорда облысының құрметті азаматы Бекмырза Еламанов бата берді.
Басқосуда бірқатар азаматқа Премьер-министрдің Алғыс хаты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы, министрдің Алғыс хаты, Су шаруашылығы және ирригация министрлігінің «Су шаруашылығы саласының ардагері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы табысталды.
Сырдариядағы су деңгейі жылдан-жылға төмендеп жатыр. Осыған байланысты өңірдегі егін шаруашылығында әртараптандыру жұмысы жанданып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп келеді.
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы