Таным • Бүгін, 07:55

Кешірім

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш...», дейді. Осы бір мәтелден-ақ ұлтымыздың кеңдігін, мәрттігін көруге болар. Тереңіне үңілсең, әрқилы түсінікке, парасат-пайымға жетелейтін бұл нақылдың негізгі өзегінде алдыңа кінәсін мойындап, басын иіп кешірім сұрай келгенге бар мүмкіндігінше, өзіңе ауыр тисе де, жүрегің қаламаса да кешірім беруге тырыс, кеңдік жаса деген ишарат, талап, өтініш жатыр. Ал мұның арғы астарында ауызбірлікке, татулыққа үндеу, бірлікті бекемдеу, ағайын арасын алыстатпау сынды ізгі мақсат, тілек менмұндалайды. Қош, солай делік. Ал кінәлі өз айыбын білмесе, айыпкер бола тұра алдыңа келмесе ше?..

Кешірім

Кешегі «Алдыңа келсе, атаң­ның құнын кеш...» дейтін кесек мінезді қазақтың бүгінгі ұрпақ-жұрнағы, біз қандаймыз?

Осындайда ел ішінде болған мына оқиға есімізге оралады. Аға­йындардың аты-жөнін айтуды жөн көрмедік.

... Өзара ренжісіп жүрген ағайынды екі жігіт бір-бірімен уатсап арқылы сөйлесіп отыр.

Бірі өзінен жасы кіші бауыры­­на кешірім берудің, кешірімді болу­дың үлкен сауапты іс екенін айта келіп, «бұл өмірде мәңгі жүрмейміз, уақыты келгенде кететін пендеміз. Бір-біріне кінә артқан адамдар ертең бірі о дүниеге аттанғанда «кешірдім, кешірдім» деп жылап-сықтап, мейірім танытып жатады. Бірақ одан не пайда?.. Бәрі кеш болады. Өстіп тірі жүргенде бір-бірімізге кешірімді болмасақ, өлгеннен кейін берген кешірім әдіре қалсын» деген жазбасын, сондай-ақ оған қосымша бір имамның аталған тақырыпқа қатысты бейне уағызын да жолдаған.

Бұл хат-жазбаны оқыған бауыры мұнда не меңзеліп, не ишарат тұрғанын сана сарабына сала келіп, «ол менің кешірім сұрауымды қалап, не талап етіп тұр» деп ойлады. Бұл аз-кем үнсіз отыр­ды да өз пікірін былай деп таңба­лады: «Иә, бір-бірімізді өлген соң ғана кешіріп жатамыз, бұл ескі әдет. Оның өміршең болуының себебін ұқпай ке­леміз. Ол не себеп дейсіз бе? Айтайын, өз кінәмізді түсінбейміз, білгеннің өзінде менмендікпен мо­йындамаймыз. Содан келіп арада кешірім сұралмайды. Ал Тәңір сана­лыға өмірден озғаннан соң емес, тіршілікте, тірі жүргенде кешірім сұрауды, кешірім беруді бұйыра­ды. Осынау бұйрықты орындауға өре жетпесе, тәкаппарлық жібермесе, берілген үлкен мүмкіндікті көрмесе, қайтпекпіз? Әрине, алдыңда жазықты болған жан өлген соң оған кешірімшіл бола қаламыз... Кешірім беру үшін, алдымен кешірім сұралу керек қой».

Тақырыпты бірінші болып қоз­ғаған жігіт бауырының өзіне жібер­ген хатынан «сен алдымен менен келіп кешірім сұра, сен кінәлісің...» деген ойды бірден ұқты. Ызасы келді, шытынап кетті. Дегенмен, өзді-өзін басып, сабырға келді. Ойланып қалды.

Екеуі де өзара реніштің неден бас­талғанын қайта-қайта ой електерінен өт­кізді. Сондағысы арзымайтын нәрсе, тіпті, айтуға ұят... Олар өздеріне мін тақ­пады, еш кінә қоймады. Бірін-бірі іш­­тей кінәлаудан өзге ойларына ештеңе кір­меді. Екеуі де «мен емес, ол кінәлі» деумен болды. Менмендік бой­ды билеп тұр­ғанда кішіпейіл болу­ға, кең­­дік жасауға шама қайдан келсін?

Арада біраз уақыт өтті. Бірі өмір­ден озды. Тірі жүргені бақиға кет­кен­ді кешірді. Қабір басында «кешір» демеді, «кешірдім, кешірдім» деді, өзін кінәлағысы келмей, оны жазықты санауын қоймай. Қыстыға жылады. Әйтеуір бір кезде «егер мен кінәлі болсам, кешір» деп айтты-ау ақыры. Бірақ бәрі кеш еді...