
Фото: Ашық дереккөз
Әлеуметтік желілерде «Аспан Сити» тұрғын үй кешенінде қайғылы оқиға орын алғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, 20 жастағы жігіт 12-қабаттағы балконнан құлап кеткен.
Аталған деректі Алматы облыстық полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, оқиға 8 қыркүйек күні Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Марқұм Алматы қаласының тұрғыны екені анықталған.
«Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ер адамның өз-өзіне қол жұмсауға бірнеше рет әрекеттенгені жоққа шығарылмайды», делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу қорытындысы бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.