Оқиға • Бүгін, 17:21

«Байтақ» партиясы Жолдау бойынша баспасөз конференциясын өткізді

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2025 жылғы 9 қыркүйекте Астанада «Байтақ» жасылдар партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. «Жолдау – жасыл Қазақстанға бастар жол» атауымен өткен жиында партияның ресми ұстанымы жарияланып, экологиялық мәселелерге қатысты ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Байтақ» партиясы Жолдау бойынша баспасөз конференциясын өткізді

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Президент Жолдауында саяси жүйеге енгізілетін өзгерістермен қатар, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы, су ресурстарын басқару, экологиялық қауіпсіздік сынды тақырыптарға ерекше көңіл бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін шешу – елдің тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтіп, цифрлық басқару жүйесін құру, білікті мамандар даярлау және су дипломатиясын нығайту қажеттігін алға тартты. Сонымен бірге Арал теңізін қалпына келтіру бағытындағы жетістіктер мен Каспийдің тартылуының ғаламдық қауіпке айналғаны сөз болды.

«Жолдау – ел дамуының нақты бағыты. Біз цифрландыруды, инвестиция тартуды және жасыл энергетиканы қолдаймыз. Ең бастысы – экология мен су ресурстарын ұтымды пайдалану. Президент ұсынған бір палаталы парламент құру бастамасы да демократиялық өзгерістерге жол ашады», деді Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Олег Пак, партия төрағасының орынбасары, парламенттік реформаның тек құрылымдық өзгерістермен шектелмей, депутаттардың дербестігі мен халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтты.

Әйелдер кеңесінің Астана қалалық төрайымы Роза Темірқұлова қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың маңызын атап өтті.

«Президенттің бұл бастамасы — тарихи сәт. Әрине, қоғамда түрлі пікір бар. Бірақ ең бастысы — елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау. Әрбір шешім балаларымыздың болашағына әсер етеді. Сондықтан біз әйелдер қауымы ретінде осы мәселені ашық әрі саналы түрде талқылап, қоғамда келісім мен өзара құрметті сақтауға шақырамыз. Президенттің халыққа деген сенімі — үлкен жауапкершілік. Бұл сенімді ақтауымыз қажет», деді.

Партия жобаларының жетекшісі Қуандық Нұртаев экологиялық идеология тұжырымдамасы Жолдаудағы басым бағыттармен үндесетінін, бұл партияға жаңа саяси мүмкіндіктер беретінін жеткізді.

«Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің жаңа саяси маусымы басталды. Біз 2025 жылғы 5 маусымда партияның Жаңа экологиялық идеология тұжырымдамасын таныстырған болатынбыз. Тұжырымдаманың бірқатар тармақтары Президент Жолдауынан жолдауымен үндеседі. «Бұл партиямызға экологиялық күн тәртібін жүзеге асырып, алдағы Парламент сайлауында жеңіске жетуге нақты мүмкіндік береді», деді ол.

Сонымен қатар жиынға Zoom арқылы аймақтық филиал өкілдері, мәслихат депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қосылды.

Қорытындысында «Байтақ» жасылдар партиясы Президент Жолдауын толық қолдайтынын және Қазақстанның экологиялық тұрақтылығы мен жасыл даму жолына белсенді үлес қосатынын мәлімдеді.