
Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жаттығу барысында тактикалық, атыс, саптық, медициналық және инженерлік дайындық қамтылған. Сондай-ақ әскери бөлімшелер құрамында бірлескен іс-қимыл жасауға, төтенше жағдайларда әрекет етуге және стратегиялық нысандарды қорғауға баса назар аударылады.
«Әскери жиындар – ұлттық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі. Біз әскери міндеттілердің қызмет барысында алған білімдері мен дағдыларын өзектендіріп қана қоймай, оларды аумақтық қорғаныстың заманауи талаптарына сәйкес әрекет етуге үйретеміз», деді Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов.
Жиынға қатысушылар әртүрлі саланың өкілдері. Атап айтсақ, педагогтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, инженерлер мен жүргізушілер. Олар уақытша жұмыс орнынан қол үзіп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосып отыр.
Запастағы аға лейтенант, квазимемлекеттік сектордың қызметкері Бауыржан Тәттімбеков бұл жиынға екінші рет қатысуда. Бұған дейін ол 2018 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында дайындықтан өткен.
«Мұндай жиындар дағдыларды жетілдіруге әрі жаңа білім алуға жақсы мүмкіндік береді. Бұл – Отан қауіпсіздігіне нақты үлес қосудың жолы. Әскери міндеттілер әрқашан елді қорғауға дайын болуы тиіс» деді ол.
Айта кетейік, әскери жиын 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Қолданыстағы заңға сәйкес, бұл кезеңде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен орташа еңбекақысы сақталады.