
Биыл магистратураға кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мыңға көп. Тестілеуге 47 798 талапкер қатысып, олардың жартысына жуығы – 23 065 адам шекті балды жинап, білім алуға дайын екендіктерін дәлелдеді.
Орташа көрсеткіштер де артқан – КТ-ның орташа балы 72,9-ды құрады. Бұл қазақстандық жастардың дайындық деңгейі мен оқуға деген ынтасының жоғарылағанын көрсетеді.
Мемлекеттік гранттар мынадай көлемде бөлінді:
-
магистратураға – 13 554 грант, оның ішінде инженерлік-техникалық мамандықтарға – 3 338, педагогикалық ғылымдарға – 3 225, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 1 315, жаратылыстану ғылымдарына – 1 268 грант бөлінді;
-
докторантураға – 2 919 грант, оның ішінде педагогикалық ғылымдарға – 486, инженерлік және құрылыс мамандықтарына – 615, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 161 грант бөлінді.
Биыл докторантураға сұраныс та айтарлықтай артқан. Қабылдау сынағына 4 307 адам қатысып, олардың 3 146-сы ғылым жолын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, қазір докторантураға қабылдау емтихандарын өткізу толығымен жоғары оқу орындарының құзыретіне берілген. Бұл университеттердің академиялық еркіндігі мен дербестігін нығайтатын маңызды қадам саналады.