
Фото: Ашық дереккөз
«Президент инвестиция тарту мәселесі бірнеше мемлекеттік органдардың қарауында екендігіне назар аударды. Ұлттық экономика министрлігіне Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп үш күн мерзімде тиісті өзгерістер енгізе отырып осы бағыт үшін бір жауапты мемлекеттік органды бекіту жөнінде ұсыныстар енгізсін», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Президенттің технологиялар мен құзыреттер бере алатын және жаңа нарықтарға жол ашатын ірі инвесторларды іздеп, оларды елге тарту жұмысын күшейту қажеттігі туралы тапсырмаларын орындауға баса назар аудартты.
Бұл ретте Олжас Бектенов орнықты инвестициялық модельді орта және шағын инвесторлар да қалыптастыра алатынын атап өтті. Олар бәсекелес орта қалыптастырып, өңірлерде жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
Премьер-министр «инвестицияға тапсырыс» тетігін жетілдірудің маңызы зор екенін айтты. Ол жаңа буынның ғылымды көп қажет ететін өндірістерін құрудың қозғаушы күшіне айналуы керек.
«Сондықтан біз өте қысқа (он күн) мерзімде инвесторлармен бірыңғай өзара іс-қимыл тетігін құрып, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңартуымыз керек. Инвестициялар аясында тартылған әрбір теңге нормативтік актілермен және оңтайлы тәжірибемен бекітілген мықты кепілдіктермен қорғалуға тиіс. Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындауға дереу кіріссін», деп тапсырды Премьер-министр.