Өндіріс • Бүгін, 11:37

Алтыналмас өз қызметкерлерінің біліміне инвестиция салып келеді: 15 жылда 227 грант берілді

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық «Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясы 15 жыл қатарынан өз қызметкерлері мен олардың балаларына білім беру гранттары бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл уақыт ішінде компания есебінен 227 адам орта арнайы немесе жоғары білім алуға мүмкіндік алды, олардың 74-і оқуын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алтыналмас өз қызметкерлерінің біліміне инвестиция салып келеді: 15 жылда 227 грант берілді

Үдемелі заманымызда оқуға және дамуға қабілетті болу – кез келген маманға қойылатын басты талаптардың бірі. Компаниялар қызметкерлердің кәсіби деңгейінің өсуі бизнестің табысына тікелей әсер ететінін түсініп, білім беруге қаражат бөлуге жиі бет бұруда. Қызметкерлер үшін бұл – біліктілікті арттыру, кәсіби дағдыларды дамыту және мансап құру мүмкіндігі, ал компаниялар үшін – бәсекеге қабілеттілікті нығайтудың жолы.

«Жомарт Есенғұлов – осы бағдарламаға қатысушылардың бірі. Ол өзінің еңбек жолын маркшейдерлік қызметте кен жұмысшысы ретінде бастады. Компания берген гранттың арқасында ол Абылқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне оқуға түсіп, биыл «Маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша оқуын бітірді. Жомарттың алған білімі оған тау-кен жұмыстарын жоспарлау бойынша жетекші инженер лауазымын алуға мүмкіндік берді. «Жұмыс беруші беретін гранттар – жолда жата бермейтін мүмкіндік.  Компанияның жұмысшыларына беріп отырған осындай мүмкіндіктеріне алғысым шексіз»,  дейді ол.

Тағы бір айтпай кетуге болмайтын мысалдардың бірі – Ерден Тайжанов.

«Жер асты кенішінде 12 жыл жұмыс істегеннен кейін ол кенішке диспетчер болып орналасты. Салалық білімі болмаған Ерден бұл жағдайды өзгертуге бел буды. 37 жасында ол Степногор тау-кен техникалық колледжіне «Пайдалы қазбалар кен орындарын жер асты әдісімен игеру» мамандығы бойынша оқуға түсті. Оқуының ақысын толықтай компания төлеп берді. Оқу барысында Ерденнің қызметі өсіп, кен қоймасын бақылау шебері лауазымына тағайындалды. «Отбасым бар, үш кішкентай қызым бар, мен компанияның өзінің қызметкерлеріне жасап жатқан игі істеріне өте ризамын. Біліміме салынған қаражат кәсіби білімімді жетілдіріп, жаңа мақсаттарға жетуге көмектеседі деп сенемін», дейді ол.

Осы бір-екі баян – үлкен тәжірибенің кішкене бөлігі ғана. Мәселен, тау-кен байыту кешенінің екі қызметкері білім алғаннан кейін учаске басшылары болды, одан басқа да талайы мансаптық жолын жақсартты.

1

Мұндай қолдау қызметкерлердің өздеріне ғана жасалып қоймай, олардың отбасыларына да қолын созады. Мұндай мүмкіндік қызметкерлердің балаларына сапалы білім алуға жол ашып, олардың кәсіби дамуына кең өріс береді. Компания мұны болашақ маман буынына қосқан үлес және ұжым ішіндегі әлеуметтік құндылықтарды нығайту деп біледі.

Алтыналмас білім гранттарын беруге байқау өткізеді. Биыл Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен колледждеріне 39 өтінім мақұлданды, олардың қатарында Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Satbayev University, Степногор тау-кен техникалық және Тараз гуманитарлық-техникалық колледждері бар.

Сұранысы ең жоғары мамандықтар қатарында пайдалы қазба байыту, маркшейдерлік іс, кен орындарын жер асты әдісімен игеру, электр энергетикасы, геология, геодезия және т.б. бар.

Білім беру гранттары бағдарламасы – «Алтыналмас АК» АҚ-тың барлық кәсіпорындарына қатысты кадр оқыту, дамыту және біліктілікті арттырудың кешенді жүйесінің бір бөлігі. Қызметкерлердің дамуына инвестиция сала отырып, компания өз болашағына қамқорлық жасап, бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «Компания ішінде маман өсіру» стратегиясының жемісі де пісіп жатыр: қызметкерлер білім алып, мансабын өсіруге мүмкіндік алып жатыр, оқу орындарында ынталы студент саны артып, компания дайын маман алып жатыр.

Алтыналмас қызметкерлердің біліміне салынған инвестиция компания мен бүкіл Қазақстанның тау-кен саласының болашағына салынған инвестиция деп біледі.