
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
«Барлық дерек нақты уақыт режімінде ұсынылады, бұл тиімділікті арттыру және егін шығынын азайту үшін жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығында да біз «ақылды» фермалар тұжырымдамасын енгізіп жатырмыз. Электрондық болюс – капсулалардың көмегімен сүтті сиырлардың денсаулығын тәулік бойы зияткерлік талдау қамтамасыз етіледі. Жасанды интеллекті бастапқы деректерді лезде өңдеу арқылы аурудың дамуын болдырмайтын ықтимал мәселелерге нақты ұсыныс береді.
Осылайша, бүкіл «ақылды» ферма үшін төтенше туындайтын әртүрлі мәселе айтарлықтай азаяды», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов «KIA Qazaqstan» зауыты аумағында өткен «Жасанды интеллектінің өңір дамуында алатын орны» атты инвестициялық форумда.
Аймақ басшысының айтуынша, инвесторларды қолдаудың өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымы жетілдіріліп жатыр
«Нәтижесінде, кейінгі 5 жылда өңір экономикасына 3 млрд доллар тартылды. Бірінші тоқсанда облыс экономикасына шамамен 200 млн доллар инвестиция салынды. Қостанай – ел көлемінде боксит, асбест және темір рудасын өндіретін бірден-бір аймақ. Біз темір илемдері мен темір кені концентратын өндіру жағынан, автомобиль, АӨК-тің өңделген өнімдерін, оның ішінде азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша бірінші орында тұрмыз. Қазірде өңір экономикасын одан әрі дамытатын төрт негізгі стратегиялық бағытты белгілеп алдық, олар – машина жасау саласы, көлік-логистикалық инфрақұрылым, қара металлургия және агроөнеркәсіп кешені», деді әкім.
Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Алешко Симкич астық өнімділігін арттыру, суды тиімді пайдаланудың озық технологиясын кеңірек қолданысқа енгізу тұрғысынан Қостанай облысымен екіжақты тиімді байланыс орнатудың маңызы зор деп есептейтінін жеткізді. Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун «Astana Hub» технопаркінің және оның Қостанайдағы филиалы – «Qostanai Hub»-тың маңызын атап өтті. Форум аясында ауқымды технологиялық көрме ұйымдастырылып, онда жасанды интеллекті технологияларын бизнесте, өндірісте белсенді қолданатын компаниялардың өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Солардың бірі – «ERG» құрамындағы «ВТS» компаниясы.
«Біз форумға жасанды интеллекті бағытында жасалған 3 жоба алып келдік. Біріншісі, карьер маңында жұмыс істейтін техникалардың барлық іс-қимылына мониторинг жасайтын цифрлық сыңары. Сондай-ақ жұмысшылардың қарым-қатынасын жеңілдететін, қызметтік қажеттіліктеріне байланысты ақпаратты тез алуға болатын «Еrgiz» жүйесі бар. Үшіншісі – кез келген автоматтандырылған өндіріс орынының мыңдаған іс-қимылын жинақтап, кәсіпорын басшылығына, технологияға жауапты қызметкерлерге әп-сәтте мәлімет, бағыт-бағдар беріп отыратын «Mes» жобасы. Біздің компания енгізген инновациялық бағдарлама бүтін бір зауыттың еңбек өнімділігін 30%-ға арттырады», дейді «Еуразиялық одақ BTS» ЖШС бас директоры Мағауия Ысқақов.
Қостанай облысы