
Бұл өнер мерекесінің негізгі мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты арттыру, кәсіби ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар фестиваль қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған Бикен Римованың есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, аталған іс-шара жас режиссерлер мен актерлердің, драматургтер мен суретшілердің жаңа буынын қолдап, олардың кәсіби дамуына серпін береді.
Халықаралық деңгейдегі фестиваль 12–17 қыркүйек аралығында Талдықорғанда өтеді. Үшінші рет жалауын көтергелі отырған өнер додасына Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген тоғыз театр ұжымы қатысады. Бұл қатысушылар шығармашылық ізденістері мен тың қойылымдарын көпшілік назарына ұсынбақ.
Фестивальдің сыншылар алқасында елге танымал өнер қайраткерлері бар. Олардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, режиссер әрі продюсер Досхан Жолжақсынов, театртанушы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның халық әртісі, режиссер-драматург Талғат Теменов, белгілі театртанушы, Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің кеңесшісі Нияз Игламов, Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, өнертану докторы Гиорги Цкитишвили бар.
Мерейтой аясында өтетін бұл фестиваль елімізде театр өнерінің дамуына жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі шығармашылық байланысты нығайтуға ықпал етпек.