ЖОЛДАУ • Бүгін, 12:10

Тоқаев: Ауыл шаруашылығы ғылымы мен практика арасында алшақтық бар

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы ғылымын жедел дамыту қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, қолданбалы аграрлық ғылым өркендемей, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ мерзімді әрі қарқынды дамыту мүмкін емес, деп жазады Egemen.kz.

Тоқаев: Ауыл шаруашылығы ғылымы мен практика арасында алшақтық бар

Фото: ашық дереккөз

«Бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын тәмамдаған түлектердің небәрі 40 пайызы ғана салада еңбек етеді. Агроғылым мен жердегі тіршіліктің арасында алшақтық бар»,  деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бергенін еске салды. Ендігі басты міндет – ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспарын әзірлеу.

«Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс»,  деді Мемлекет басшысы.

Президент ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, осы олқылықтар агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр.