
Фото: ашық дереккөз
«Мен бұған дейін әуе жүк тасымалы көлемін екі есе арттыруды тапсырғанмын. Мұны ең алдымен ірі шетелдік серіктестерді тарта отырып, ұлттық жүк тасымалдаушыны құру арқылы жүзеге асыруға болады. Электронды коммерцияның дамуы мен жоғары технологиялық өнімдердің жеткізілімі жағдайында әуе карго – жоғары табысты әрі аса қажет сегмент», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық логистикалық тізбектерге кіріге отырып, елімізде әуе хабын белсенді дамыту қажеттігін айтты. Сонымен қатар бұл саладағы тасымалдар мен экспортты реттеу ісінде тәртіп орнатуды, тұтынушылардың мүддесін қорғауды талап етті.
Әлемде жүк жеткізудің заманауи түрлері – арнайы дрондар, жүргізушісіз көліктер дамып келе жатқанын тілге тиек еткен Президент Үкіметке мұндай технологияларды жедел енгізуге жағдай жасауды тапсырды.
«Еліміз Еуразиядағы әуе логистикасының басты торабына айналуы тиіс. Бұл – стратегиялық міндет. Осы іске үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту қажет. Негізгі жауапкершілік Үкіметке жүктеледі. Тапсырмалардың орындалу барысын Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.