
«Өзімді алданғандай, қорғансыз сезіндім. Сол кезде басқа балалардың дәл осындай жағдайға түспеуін қаладым», дейді ол. Осылайша, жастарды қорғауды көздейтін жоба дүниеге келген.
Сафия №134 лицейде оқиды. Бала кезінен түрлі салаға қызыққан. Ән айтып, «Голос. Дети» жобасына қатысуды армандаған, шығыстық би билеген, футбол ойнаған. Әкесі спортты жақсы көргендіктен, қызын да баулыған. «Мені ешқашан «қыз балаға бұл болмайды» деп шектеген емес. Керісінше, ата-анам маған сенді», дейді ол.
Технологияға қызығушылығы 2024 жылы өткен «Technovation Girls Kazakhstan» халықаралық байқауынан басталған. Сол кезде ол командасымен бірге жер сілкінісі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «SeismoSafe» қосымшасын жасап, республикалық кезеңнің ширек финалына дейін жеткен. «Осы тәжірибе маған қыздардың да технологияда да жетістікке жете алатынын көрсетті», дейді Сафия.
Жоба – жасөспірімдерге арналған мобильді қосымша. Оның басты мақсаты – жастарды сенімді жұмыс берушілермен байланыстыру. Қосымшада үш деңгейлі қорғаныс бар:
– әрбір жұмыс беруші құжат бойынша тексеріледі (салық тіркеуі, заңды құжаттар);
– вакансиялар қолмен сүзгіден өтеді, заңға қайшы немесе қауіпті жұмыстар қабылданбайды (мысалы, химиялық заттармен жұмыс, түнгі кезекшілік, биіктікте немесе жер астында еңбек ету);
– рейтинг пен шағым жүйесі бар, адал емес компаниялар бірден базадан шығарылады.
Жоба ішінде арнайы «AI»-бот Бобржан жұмыс істейді. Ол күмәнді сипаттамаларды тауып, хабарландыруларды қайта тексеруге жібереді. Мысалы, «жылдам ақша», «құпия жұмыс», «құжатсыз» деген тіркестер бірден белгіленеді. Сонымен қатар Бобржан жасөспірімнің қызығушылығы мен қабілеттерін талдап, сәйкес вакансияларды ұсынады. Келешекте бот резюме жасауға да көмектесетін болады.
«Жастар өздерінің жеке деректерін қосымшаға қалдырады. Сондықтан деректердің қауіпсіздігі біз үшін маңызды. Біз Google KMS шифрлау жүйесін қолданамыз. Тіпті деректер базасына рұқсатсыз кірген күннің өзінде, мәліметтер кілтсіз оқылмайды», дейді стартап авторы.
Қазіргі таңда «Work4Teen» «MVP» кезеңінде алғашқы нұсқасы дайындалып, қанатқақты тестілеуден өтті. Жастар қосымшаның ыңғайлы екенін атап, оң пікір білдірген. Ендігі мақсат – қосымшаны сапалы вакансиялармен толықтыру. Команда ритейл, фастфуд, банк, финтех, телеком, «ІТ», медиа және білім беру салаларындағы жұмыс берушілермен серіктестік орнатуға ниетті.
Жас команда құрамында Сафиядан өзге Мелита Хаджакова, Камила Шапен, Александра Бортникова, Зере Бахридин есімді оқушылар бар. Олардың әрқайсысы міндеттерін бөліп алған.
Олар қазірдің өзінде бірнеше елеулі жетістікке жетіп үлгерген. Атап айтқанда, команда 1С стартап-бәйгесінде жеңімпаз атанып, Сәтбаев университетінде төрт жыл бойы тегін білім алатын оқу грантын иеленген. Сонымен қатар жобаға 250 мың теңге көлемінде инвестиция бөлінген. Бұл жеңіс командаға өз идеяларын әрі қарай дамытуға сенімді серпін берді. Бұдан бөлек, «Technovation Girls Kazakhstan» 2025 байқауында олар аймақтық кезеңнің үздіктері атанып, қыздардың технология саласында да табысқа жете алатынын дәлелдеген. Ал халықаралық деңгейде «Lenovo» компаниясы жобаны қолдаса, «Yandex» оларды әлеуметтік маңызы бар жасанды интеллект шешімдерін насихаттайтын «AI for Social Good» номинациясына ұсынып, «Work4Teen»-нің әлеуетін тағы бір мәрте айқындап берді.
Команда «Work4Teen» қосымшасын жақын арада елімізде ресми түрде іске қоспақ. Болашақта қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін қосымшаға өзбек және қырғыз тілдері де қосылады.
«Біз бүкіл Орталық Азияға ортақ платформа жасағымыз келеді. Әр елдің заңнамасына бейімделген жүйе арқылы қазақстандық жасөспірім өзбек ІТ-компаниясында жұмыс істей алады, ал қырғыз студенті тәжік оқушысына репетитор бола алады», дейді Сафия.
Оның күн тәртібі тығыз: таңертеңнен түске дейін сабақ, түстен кейін – «Work4Teen», кешкісін – үй тапсырмалары мен IELTS курсы. Демалыс күндері командамен кездесіп, жобаны талқылайды. «Әрине, кейде ештеңе істегім келмейтін кездер болады. Бірақ «Work4Teen» – жай ғана қосымша емес. Бұл жастардың еңбегін қорғауға, олардың алғашқы тәжірибесін қауіпсіз етуге бағытталған жүйе. Біз жастардың еңбегі бағалануын және олардың арманын адал жолмен жүзеге асыруын қалаймыз. Сондай-ақ маған табысты отандық кәсіпкер әйелдер, әсіресе «YAYA» жобасының жетекшісі Лаура Ералиева шабыт береді. Соларға қарап өзім де алға жылжи түсемін», дейді ол.