Технология • Бүгін, 08:50

Цифрлық салада өзгеріс көп

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Цифрлық трансформация және салаларды цифрландыру» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдері цифрлық саладағы өзгерістер туралы айтып берді.

Цифрлық салада өзгеріс көп

Вице-министр Дмитрий Мун мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшу барысы туралы кең көлемде баяндады. Оның айтуынша, цифрлық трансформация – бұл жаңа технологияларды енгізу ғана емес, халықтың күнделікті өмірін жеңілдетудің нақты құралы. Кейінгі төрт жылда мемлекеттік органдардың 1 500-ден астам бизнес барысы қайта қаралып, олардың басым бөлігі оңтайландырылған. «Біз жүргізіп жатқан реинжинирингтің басты мақсаты – азаматтар үшін қызметті жеңілдету, қолмен жасалатын операцияларды қысқарту және автоматтандыру деңгейін арттыру. Бұрын қағазбастылық көп болатын, бүгінде көптеген қызмет толықтай онлайнға көшірілді», деді Дмитрий Мун.

Мысалы, бұрын талапкерлер құжат жинап, университетке барып өткізуге міндетті болса, қазір барлығы eGov порталы арқылы онлайн жүргізіледі. «Абитуриенттерге жатақханаға өтініш беру, емханаға тіркелу секілді бірнеше бөлек рә­сімді орындауға тура келетін. Қа­зір бұл қызметтердің барлығы про­активті түрде ұсынылады. Нәти­жесінде, студенттер мен ата-ана­лардың уақыты мен қаржысы үнем­делді. Нақтырақ айтсақ, жылына 380 миллион теңгеден астам қаржы үнем­деліп отыр», деді вице-министр.

Сондай-ақ жол-көлік оқиға­ла­рын рәсімдеуде «Еуропротокол» жүйесі енгізілді. Енді жеңіл апаттарды полиция шақырмай-ақ, мо­бильді қосымша арқылы тіркеуге болады. «Бұрын сақтандыру төлемін алу үшін 40 күнге дейін уақыт қажет болса, қазір бұл мерзім 5 күнге қысқарды. Жылдың алғашқы жартысында 3 мыңнан астам азамат осы қызметті пайдаланған. Бұл – халықтың цифрлық шешімдерге деген сенімі артқанын білдіреді», деп атап өтті Д. Мун.

Сонымен қатар азаматтарды борышкерлер тізімінен шығару рәсімі де толық автоматтандырылған. Бұрын жеке сот орындаушыларына шығындалып, ұзақ күту қажет болса, қазір бәрі онлайн жүзеге асады.

Цифрландыру тек әлеуметтік және қаржылық салада ғана емес, экологияда да тиімділігін көрсетіп отыр. Орман өртін ерте анықтау үшін Көкшетау мен Бурабай ұлттық парктерінде, Ертіс орманы мен Медеу өңірінде 148 бейнебақылау камерасы орнатылған. «Бұл технология өртті үш есе жылдам анық­тауға, жану аумағын 20 есеге азайтуға және шығындарды 15 есеге қысқартуға мүмкіндік бер­ді. Мұндай шешімдер табиғатты қор­ғау ісінде де тиімділікті арттырып отыр», деді вице-министр.

Сондай-ақ «Smart Data Ukimet» платформасы арқылы бүгінде 45 мемлекеттік қызмет проактивті фор­матқа көшірілген. Азамат өтініш бермей-ақ, мемлекет өзі қызметті автоматты түрде ұсынады. Мәселен, көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау, жұмыссыз қалғандарға төлем рәсімдеу немесе мектептегі ыстық тамаққа жеңілдік беру сияқ­ты қызметтер ақысыз әрі онлайн көрсетіледі. Тек кейінгі айларда ғана халыққа 4 миллионнан астам проактивті қызмет ұсынылыпты. Қазіргі кезде халыққа қызмет көр­сету орталықтарына түсетін жүк­темені азайту мақсатында ең көп сұранысқа ие 10 қызмет онлайн форматқа көшіріліп жатыр. Қазірдің өзінде жеке куәлікті ауыс­тыру, ЭЦҚ алу, жүргізуші куәлігін рәсімдеу мүмкіндігі іске қосылған. Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгерістердің нәтижесінде ХҚКО-ға баратын азаматтардың саны екі есеге азаяды. 

Соңғы жаңалықтар