
Диас Есдәулетовтің айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыстағы кадр тапшылығын жою үшін «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» әзірленді. Соның нәтижесінде 11 колледжде 14 жаңа мамандық ашылды. Сондай-ақ Талдықорғанда халықаралық талаптарға сай «Zhetysu Skills» орталығы салынып жатыр. Бұл орталық студенттерді 12 бағыт бойынша «WorldSkills» чемпионаттарына кәсіби даярлауға мүмкіндік береді.
Орта білім беру саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында жаңа мектептердің құрылысы қатар, қолданыстағы білім мекемелерін күрделі жөндеу және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтану жүйесі жолға қойылып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру саласында биылғы мамыр айынан бастап Талдықорғандағы барлық балабақшалар ваучерлік қаржыландыруға көшті. Бұл жүйе қаржының ашық бөлінуін қамтамасыз етіп, ата-аналар үшін балаларын кезекке қою немесе балабақша ауыстыру ісінде қолайлылық туғызды.
Бұқаралық және кәсіби спортты дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы үш жылда облыста 32 жаңа спорт кешені салынып, тұрақты түрде спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі 42 пайызға жетті. Облыс бойынша 29 спорт түрі негізгі бағыт ретінде белгіленген: оның ішінде 11 олимпиадалық, 2 паралимпиадалық және 13 ұлттық спорт түрі бар.
Бұқаралық спортты қолдаудың табысты жобаларының бірі – «J-LEAGUE» турнирлері. Баскетбол, волейбол және футболдан өтетін бұл дода жақын күндері жаңа маусымын бастамақ.
Баспасөз мәслихаты соңында Диас Есдәулетов журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өңірдегі адами капиталды дамытуға бағытталған шаралардың жалғаса беретінін атап өтті.