
Көлеңкелі капиталға жол берілмейді
Мемлекет басшысы Жоғарғы соттың судьясы Берік Нәжімиденовті қызметінен босату туралы ұсыным жасап, бұл мәселе Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында алдын ала талқыланды. Нәтижесінде, депутаттар Президенттің ұсынуын қолдап, ол Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, ратификациялады. Келісім инвесторлардың мүдделерін қорғауға және инвестициялық қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленді. Құжат бір мемлекеттің инвесторларына екінші мемлекеттің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы, бұл заң елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.
Осы заңның нормаларына сәйкес кез келген тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режімді, сондай-ақ екінші тарап мемлекетінің аумағында толық қорғау мен қауіпсіздікті пайдаланады. Экономиканың сезімтал секторларын және олармен байланысты кәсіпкерлік қызметтің шектелуге немесе алынып тасталуға тиіс басқа да түрлерін белгілеу құқығы бекітіледі.
Палата отырысында депутаттар сонымен қатар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін бірлесіп пайдалану аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық шарттарын нақтылау мақсатымен әзірленген «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. М.Әшімбаев атап өткендей, бұл қадам ғарыш зымыран кешенін тиімді пайдалануға және еліміздің осы саладағы әлеуетін арттыруға оң септігін тигізеді.
Бұған қоса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Бұл құжат жалпыұлттық экономиканың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі капитал деңгейін төмендетуге және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Қаралған заң терроризм мен экстремизмді, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға бағытталған операцияларға мониторинг жүргізуді күшейтуге арналған. Сонымен қатар қаржылық мониторингке жататын күдікті қызмет туралы ақпаратты беру тәртібі белгіленді. Қылмыстық қаржы айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзге де түзетулер енгізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл заң аталған қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады, – деді М.Әшімбаев.
Жетісу облысында ауызсу тапшы
Үкіметке сауал жолдаған сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысы әлі де сумен толық қамтамасыз етілмей отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде таза су тапшы, су құбырлары тозған. Бұл олқылық халық саулығына кері әсерін тигізіп, әлеуметтік, экономикалық инфрақұрылымның және көші-қон дамуын тежеп отыр.
– 2023–2025 жылдары облыста жалпы сомасы 25,9 млрд теңгені құрайтын 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, 15 елді мекенде ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұған республикалық бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлу туралы ұсыным жіберілген. Алайда Ұлттық қор мен республикалық қазынадан бар болғаны 8 жобаға 2,5 млрд теңге бөлінген. 2025 жылы Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының 7 елді мекенінде, Талдықорған мен Текелі қалаларында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталған. Бүгінде жобалар ішінара жүзеге асырылып жатыр, қосымша қаржы болмаса, жұмыс тоқтап қалуы мүмкін, – деді сенатор.
Ескірген вагондармен «қоштаса алмай» отырмыз
Сондай-ақ депутат Закиржан Кузиев елдегі теміржол паркінің апатты жағдайда екенін, оны жаңарту қажеттігін айтты. Депутаттың сөзіне қарағанда, ескірген вагондар есептен шығарылмай әлі де қолданылып келеді. Қазір елімізде 141 мыңнан аса жүк вагоны бар, алайда оның жартысы – жартылай вагондар. Олардың 13 пайыздан астамының қызмет мерзімі асып кеткен.
– «Қазақстан темір жолы» қызмет мерзімі ұзартылған 8,5 мыңнан аса жартылай вагонды пайдалануды тоқтатар емес. 2025–2030 жылдары 17 мыңнан аса жартылай вагон есептен шығарылуы қажет. Алайда вагондар паркін уақтылы жаңартудың орнына ескірген вагондардың қызмет ету мерзімі ұзартылып келеді. Мұндай тәсіл көлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, – деді З.Кузиев.
Сенатор сонымен қатар техникалық тексерудің бірыңғай тетігі әлі жоқ екенін атап өтті. Қызмет мерзімін ұзартуға диагностика жасайтын ұйымдар жеке шешім бойынша жұмыс істейді және оның бұдан былайғы салдарына жауап бермейді. Апат орын алса, жауаптылар табылмай, тасымал қауіпсіздігін бақылау қиынға соғады.
Депутат отандық вагон құрастыру кәсіпорындарының жаңасын шығаруға қуаты бар екенін айтады. Ол вагон паркін жаңартып қана қоймай, машина жасау, металлургия, жабдықтар өндірісі және басқа да салалардың дамуына қуатты серпін береді.
Блогерлерге жазаны қатаңдату керек
Ал сенатор Геннадий Шиповских Үкіметті онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге қатысты жазаны қатаңдатуға шақырды. Депутаттың айтуынша, кейінгі 2,5 жылда елімізде 205 астыртын казино жабылып, 224 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Блогерлердің заңсыз қызметтерді жарнамалау әрекеттері алаңдаушылық туғызып отыр. Биыл 34 блогердің онлайн-казино жарнамалағаны анықталған, оның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23-і бойынша материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. Олардың ішінде кейбірі бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылса да, заңсыз әрекетін жалғастырудан тартынбай келеді. Себебі қарапайым айыппұлдар оларды тоқтатуға жеткіліксіз, заңсыз жарнамадан түсетін миллиондаған пайда төленген әкімшілік жазадан әлдеқайда асып түседі.
– Әлеуметтік желілерде блогерлердің заңсыз жеңіл ақша табуы көбейіп кетті. Әсіресе олар онлайн-казино, жалған ұтыстар, яғни гивтар, курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауды тоқтатар емес. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкеліп отыр, – деді Г.Шиповских.
Сенатор заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге салынатын әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жиі ұйымдастырылатын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеруге арнайы мониторинг жүйесін енгізу керек. Заңсыз жарнаманы таратушылармен қатар, осы қызметке делдалдық жасап отырған төлем ұйымдары мен жарнамалық агенттіктердің қызметін де әшкерелеу қажет.
Сенатор Жанна Асанова болса, отбасын қолдау орталықтарының тиімділігіне күмән келтірді. Депутаттың айтуынша, бұл орталықтар қиындықтарға тап болған отбасыларды қолдап, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және кәмелетке толмағандарға көмектесуі керек. Алайда іс жүзінде орталық ресми түрде ғана жұмыс істеп, балалар мен әйелдердің қауіпсіздігіне, отбасылардағы дағдарыс жағдайының алдын алуға жауап бермей отыр.
– Сырты мен іші бір-біріне сай емес. Отбасын қолдау орталықтары мен Дағдарыс орталықтары міндеттерінің айырмашылықтары түсініксіз. Біріншісі қиындықтарды алдын ала анықтап, болдырмауға жұмыс істеуі тиіс. Ал екіншісі құрбандарға көмектесуі керек. Іс жүзінде ешқандай айырмашылық жоқ. Зардап шеккендерге ғана көмек беріледі, олар мемлекеттік тапсырыс көлемі шектелген дағдарыс орталықтарына жіберіледі. Ал оны ерте бастан алдын алу назардан тыс қалып жатыр, – деді Ж.Асанова.
Шахмардан Есенов мұрасын ұлықтау қажет
Депутат Алтынбек Нухұлы ел ғылымын, өнеркәсібі мен экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып, осы салада үлкен ғылыми мұра қалдырған академик Шахмардан Есеновтің 100 жылдық мерейтойын жоғары идеологиялық деңгейде атап өтуді ұсынды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Білім мен ғылым ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс», деп осы екі егіз саланың ел дамуындағы маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты академиктің 100 жылдығын ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізуді, Ақтаудағы университет алдына ескерткіш орнатуды, еңбектерінің көптомдық жинағын шығаруды, оның есімін жаңа мектеп пен көше атауына беріп, онда музей мен ғылыми-ағартушылық орталық ашуды, сондай-ақ академиктің өмірі мен мұрасына арналған халықаралық конференциялар өткізуді ұсынамын, – деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, ғалымның жетекшілігімен Жетібай мен Жаңаөзеннің ірі мұнай-газ кен орындары ашылып, пайдалануға берілген, түсті металлургияның стратегиялық нысандары іске қосылды. Бұл елдің энергетикалық және экономикалық дербестігін қамтамасыз етудің негізіне айналды.