
«Оңтүстікте қаламын»
Ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы қорының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Шахзада Шөгелбаеваның мәліметінше, Италия үкіметі мәселенің ауқымын түсінген соң, 2013 жылы ішкі аймақтарға арналған ұлттық стратегия (SNAI) қабылдаған. Бұл – артта қалған өңірлерді жандандыруға бағытталған place-based бағдарламасы. 2014–2020 жылдары 72 қанатқақты аймақ таңдалып алынған. Шамамен 2 млн тұрғыны бар мыңнан аса коммунада көлік пен байланыс, денсаулық сақтау, мектеп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары іске асырылған. Әкімдер күш біріктіріп, тұрғындармен бірге басымдықтарды белгілеп, 71 аймақтық стратегияға ұлттық және еуропалық қорлардан 1,1 млрд-тан аса еуро бөлінген. Алайда сарапшының айтуынша, жастарды тек инфрақұрылыммен ұстап қалу мүмкін емес, оларға ең алдымен жұмыс орындары қажет.
«Осыны ескерген Италия үкіметі 2017 жылы ең кедей өңірлердегі зияткерлік әлеуеттің сыртқа ағылуына тосқауыл қою мақсатында «Resto al Sud» («Оңтүстікте қаламын») бағдарламасын іске қосады. Бағдарламаға 1,25 млрд еуро бағытталды. Алғашында ол 8 оңтүстік облысты (Абруццо, Апулия, Базиликата, Калабрия, Кампания, Молизе, Сардиния, Сицилия) қамтыды және 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналды. Кейін бағдарлама ауқымы жер сілкінісінен зардап шеккен жекелеген коммуналарды да қамтып, жас шектеуі әуелі 46-ға, ал 2021 жылдан бастап 55 жасқа дейін көтерілді», деді зерттеумен бөліскен Ш.Шөгелбаева.
Оның айтуынша, бағдарламаның бір жобасына құрылтайшылар санына қарай 50–200 мың еуроға дейін бөлінген. Оның жартысы – қайтарымсыз грант, қалғаны – мемлекеттік кепілдемемен берілетін жеңілдетілген несие, ал пайыздық мөлшерлемелерді Invitalia өтейді. Оңтүстікте бұл мекеме ақпараттық орталықтар желісін де іске қосқан. Алайда алғашқы кезеңде өтінімдердің 40 пайыздан азы ғана мақұлданған. Өйткені бірқатар жоба шикі жасалып, талаптарға сәйкес келмеген. Бұған қоса жастардың «сәтсіздіктен қорқу» психологиясы да ықпал етті (OECD дерегінше шамамен 60 пайыз). Десе де кейінгі түзетулер жағдайды біршама өзгерткен, бағдарламаға фрилансерлер де қатыса алатын болды, бизнесті де ірі қалалардан ауылдық жерлерге көшіруге рұқсат берілді.
«Осылайша, 2023 жылдың тамызына қарай 16 286 жоба қолдау тауып, 57 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. 2025 жылғы мәлімет бойынша шамамен 19 мың жаңа кәсіпорын мен 63 мың жұмыс орны құрылған. Ең белсенді аймақтар – Кампания мен Сицилия, мұнда шағын қонақүйлер мен наубайханалардан бастап агротуризм мен IT-қызметтерге дейінгі алуан түрлі жоба жүзеге асырып жатыр. Деректер көрсеткендей, жұмыс іздеп жүрген жастар туған жерінде кәсіпкерлікпен көптеп айналыса бастады», дейді Ш.Шөгелбаева.
Негізгі соққы Оңтүстікке тиген. Өйткені Mezzogiorno-да еңбек нарығы әлсіз болып, жастардың көшіп кетуіне себеп болған. Кейінгі жылдары ішкі аудандардан шамамен 330 мың маман қоныс аударса, тек 198 мыңы ғана қайта оралған. Туу деңгейінің төмендеуі де құлдырауды және адами капиталының азаюын тереңдете түскен.
Жергілікті жердің тынысы ашылды
Жалпы, тарихқа көз жүгіртсек, Италияның провинциялары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықсыздана бастады. Жастар aree interne шалғай ауылдық аймақтарды тастап, ірі экономикалық орталықтарға қоныс аударды. Нәтижесінде, бүгінде италиялықтардың жартысынан көбі ірі қалаларда тұрады, сондықтан көптеген таулы және ауылдық коммуналарда қартайған тұрғындар басым.
Ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы қорының мәліметтеріне сүйенсек, 70 жылдың ішінде (1951–2019) шалғай қоныстанған халық 26 пайызға кемісе, ірі қалалар керісінше 30–50 пайызға өскен.
«Кейінгі жылдары Италия ауылдарының екінші тынысы ашылғандай болды. Қолға алынған бірқатар бастама енді жеке кәсіпкерлерге емес, тұтас аймақтарға, әсіресе ең кішкентай әрі тарихи құнды ауылдарға бағытталған. Мәселен, 2021 жылы Еуропалық одақтың «Next Generation» (дағдарыстан шығу қоры) жоспары бойынша Италияға бөлінген қаржының бір бөлігі «борго» деп аталатын көне елді мекендерді жандандыруға жұмсалды. Осылайша, «Attrattività dei Borghi» («Ауылдардың тартымдылығы») бағдарламасы дүниеге келді. Жобаға Ұлттық қайта қалпына келтіру және тұрақты даму жоспары (PNRR) аясында 1 млрд еуро қарастырылған. Бағдарламаны Мәдениет министрлігі үйлестіреді, себебі басты назар жартылай қаңырап қалған жерлерді мәдени және туристік тұрғыдан қайта түлету болды», дейді сарапшы.
Жойылудың аз-ақ алдында тұрған бұл ауылдардың әрқайсысына шамамен 20 млн еуро бөлінген. Қаражат тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге, музейлер мен мәдени кеңістіктер ашуға, туризмді дамытуға және креативті индустрияларды жолға қоюға жұмсалған. Сондай-ақ қарапайым ауылдарға басымдық берілген. Байқау арқылы іріктелген 229 жобаға жалпы көлемі 580 млн еуро бөлінді.
«Бұл бағыттағы бюджет аздау болғанымен, ауқымы кең. Қаражат мектептер мен алаңдарды жөндеуге, ауылды абаттандыруға, жергілікті өнімдерді ілгерілетуге және тұрғындарға арналған іс-шараларға бағытталды. Италия билігі шағын ауылдарды тұрақты туризмнің тірегі ретінде қарастыратынын айтты. Осылайша, туристерді үнемі адам қарасы үзілмейтін Венеция мен Римнен гөрі таулы ауылдарға барып ірімшік дәмін татып, аутентті көшелерді аралауға бағыттады. Айта кетерлігі, «Attrattività dei Borghi» бағдарламасы тек инфрақұрылым мен мәдениетке емес, ауыл кәсіпкерлігін тікелей қолдауға да көңіл бөлді. Отбасылық қолөнерден бастап әлеуметтік стартаптарға дейін қаржыландырылды. Өйткені бір ауылда ашылған 5–10 жаңа жұмыс орнының өзі айтарлықтай өзгеріс әкелуі мүмкін», деді Ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы қорының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ш.Шөгелбаева.
Фермерлер қартайып барады
Италияның тағы бір мәселесі – фермалық қожалықтардың иелері жылдан-жылға қартайып барады. Бүгінде олардың орташа жасы алпыс жастан асып кеткен. Ш.Шөгелбаеваның айтуынша, осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет ауыл шаруашылығына жастарды тартуға бағытталған 2022–2023 жылдары Аграрлық нарық қызметтері институты – ISMEA арнайы «Generazione Terra» («Жер ұрпағы») бағдарламасын іске қосты. Онда жас аграрийлерге жеңілдетілген ипотекалық несие берілген. 41 жасқа дейінгі кез келген фермер құны 1,5 млн еуроға жететін ауыл шаруашылығы жерін сатып алу үшін 30 жылға дейін несие ала алады. Егер жаңа фермерлік компания құрылса, мемлекет оған қосымша 70 мың еуро көлемінде бонус береді. Ал бұл алғашқы төлемдерді жабуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз қолдау болды.
«Ал әлі тәжірибесі жоқ 35 жасқа дейінгі жастар үшін 500 мың еуроға дейін несие берілді. Бұл қаржыны жер сатып алумен қатар аграрлық білім алуға немесе ресми фермер ретінде тіркелуге де пайдалануға болады. Жалпы, бюджет шамамен 100 млн еуроны құрайды. Мақсат – жаңа толқын фермерлеріне ауыл шаруашылығына ірі бастапқы капиталсыз қадам жасауға жол ашу. Үкімет бұған қоса жастар жобаларына арнап 800 мемлекеттік жер телімін нарыққа шығарды. Бұл қадам ауылдағы бос жатқан алқаптарды жандандырып, жаңа буын кәсіпкерлеріне тың мүмкіндік береді. «Generazione Terra» нәтижелерін айтуға әлі ерте, өтінімдер жақында ғана қабылдана бастады. Дегенмен алғашқы ықылас зор. Өйткені орталық пен оңтүстікте бос қалған алқаптар, иесіз қора-қопсы жетерлік», дейді сарапшы.
Италиядан түйетін басты сабақ – ауылды дамытуға бір ғана тетік жеткіліксіз. Жол салынғанымен, егер ол жерден жұмыс табылмаса, халық тұрақтамайды, грант берілгенімен, егер күнделікті қызмет пен тұрмыс сапасы артпаса, ол да ұзаққа бармайды. Инфрақұрылым, жұмыспен қамту мен күнделікті өмірдің сапасы бір-бірімен тоғысқанда ғана тұрақты даму болады. Ал бытыраңқы, үйлесімсіз шаралар бір мезетке ғана дүрбелең туғызып, артынан жылдарға созылатын тоқырауға әкеледі. Осыны түсінген Италия ең әуелі «құлдыраған аймақтарды» картаға түсірді, оларға ерекше мәртебе берді және ресурстарды сол жерге шоғырландырып, place-based деп аталатын тәсілді енгізді, ауруханалар мен мектептерді жаңғыртты, бизнесті субсидиялады, ауылдарды өмір сүруге де, туризмге де лайық мекен ретінде таныта бастады.
Әсіресе жастар үшін тек айлықтың көлемі емес, күнделікті тіршіліктің ортасы, жылдам интернет, сенімді дәрігер мен қолжетімді емхана, білімді ұрпақ тәрбиелейтін мықты мектеп, еркін бас қосатын қоғамдық кеңістік қажет. Кәрі құрлықтағы мемлекет осыны түсінді, қаржыны адамдардың күнделікті өмірін жеңілдететін әрі тартымды ететін нәрселерге бағыттады. Бізге де керегі осы.