Руханият • Кеше

Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы басталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» зияткерлік-ағартушылық жобасы басталды. Қанатқақты жоба өскелең ұрпақты бала кезінен кітап оқуға дағдыландыру, халық арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, түптеп келгенде, бүтін ел болып әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына ену сияқты биік мақсат қойып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы басталды

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылады. Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж»,
«Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог»,
«Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» деп аталатын алты бағыт бойынша байқау ұйымдастырылады.

Әр бағытқа қатысушылардың жасы мен қызығушылықтары ескеріле отырып 15 кітап дайындалған. Жалпы тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар мен әлемдік бестселлерлер енгізілді. Мысалы, «Оқитын мектеп» бағыты үшін 6–10 сынып оқушыларына әр сыныпқа 15 кітаптан, жалпы 75 кітап тізімі әзірленген.

Жоба аясында байқауға қатысушылар кітап оқиды, шығармашылық тапсырмалар орындайды және зияткерлік байқауларда бақ сынасады, талдау дағдылары мен кітапқа деген сүйіспеншілікті дамытады.

2025 жылы аталған жобаға Қостанай облысының 40 мыңнан астам тұрғыны қатысады. Байқауды «Аманат» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Қостанай облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.   Бас демеуші – «Alageum Electric» компаниясы.

«Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, балалардан бастап барлық санаттағы азаматтарымыздың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту», – дейді аталған қордың атқарушы директоры Аян Сакошев.

Мұның сыртында, мектептерде оқырмандар клубтары құрылып, оқылған шығарманы талдау, талқылау кештері өтеді.

«Бүгін біз облыста «Кітап оқитын ұлт» жобасының басталғанын жариялаймыз. Аталған жобаға Қарағанды облысы мен Шымкент қаласы да қатысады. Сондықтан өңір тұрғындарын көштен кейін қалып қоймай оқырмандар сайысына белсенді қатысуға шақырамын. Бұл – жаңа білім көкжиегін ашатын, жеке тұлғаны дамытатын және зияткерлік әлеуетті нығайтатын, оқу мәдениетін қалыптастыруға жасалатын маңызды қадам», дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Байқау жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталады.

Қостанай облысы