
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылына дайындық барысында жылу маусымына қажетті отын жеткізіліп, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Жыл соңына дейін 58 мектептің спорт залы мен асханасы жаңарып, 70 пән кабинеті сатып алынады.
Биыл әлеуметтік қолдау шараларына да ерекше мән берілуде. 25 мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 1,1 млрд теңге бөлініп, қаржы ата-аналардың есепшоттарына аударылды. Сондай-ақ бастауыш және әлеуметтік осал отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтылады.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл облысқа қосымша сегіз автобус алынған. Қазіргі таңда 87 елді мекеннен 2 мыңнан астам бала мектепке тасымалданады.
Жаңа оқу жылында Жетісу облысында оқушылар саны 131 мыңнан асса, оның ішінде 13 мыңнан астамы бірінші сыныпқа барады. Ал облыс колледждеріне 4,5 мың студент қабылданады.