
Фото: Ашық дереккөз
Жалпы жазғы маусымда 16-18 жастағы жастар тарапынан 13,6 мың түйіндеме орналастырылса, 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің ата-аналары 356 жеке кабинет ашып, оның ішінде 112 ата-ана 129 түйіндеме жіберген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, еңбек кодексіне сәйкес, 14 жастан бастап жасөспірімдер тек денсаулыққа зиянсыз, сабақтан тыс уақытта орындалатын жұмыстарға ғана қабылдана алады. Осы талаптарға сәйкес шамамен 80 мамандық белгіленген. Олардың қатарында тәрбиешінің көмекшісі, дүкен сатушысы, тазалаушы, курьер, SMM-менеджер сияқты қызметтер бар.
1 қыркүйектегі дерек бойынша, «Менің жазғы каникулым» бөлімінде 305 жұмыс беруші тарапынан осындай 2,1 мың бос жұмыс орны жарияланған. Айта кетерлігі, ұсыныстарды тікелей жұмыс берушілер енгізетіндіктен, кейбір өңірлерде мұндай бос орындар болмауы мүмкін. Дегенмен, аталған функционал алдағы уақытта да сақталып, жазғы кезеңде кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Ол үшін жұмыс берушілер бос жұмыс орны жариялаған кезде арнайы белгі қоюы қажет.