Әдебиет • Кеше

Әбдікұлының әдебиет әлемі

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Авторлық еңбек – қуанышты да азапты үдеріс. Таңғажайып құбылыс десек те қателеспейміз. Ойлап қараңызшы, жабайы мәрмәр тасынан мүсінші қалай Юпитердің бейнесін көреді? Ал кәдуілгі қайың жапырағының адамның жүрегіне ұқсайтынын Мұқағали қайтіп аңғарды? Пушкинше толғансақ, әсердің мұндай шапшаңдығын, өзіндік шабыт пен сыртқы бөгде ерік арасындағы тығыз байланысты импровизатордың өзінен басқа ешкім де түсіне алмайды. Міне, осы себепті шығарманың қалайша дүниеге келгендігін автордың өзінен сұрап білу – әдебиеттанудың үлкен олжасы.

Әбдікұлының әдебиет әлемі

 

Осы мақсатта Жазушылар одағы Астана филиалының ыждағатымен һәм қалалық әкімдіктің қолдауымен классик жазушы, Мемекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіктің «Жазушы лабораториясы» тақырыбындағы дәрісі өтті. Көпшілік оқырманға белгілі, Әбдікұлының әдебиет әлемі парасат майданындағы ізгілік пен зұлымдықтың қақтығысы,  адамдық толғаныстар мен қоғамдық қопарылыстардан тұрады. Жазушыны қалыптасқан ортасы тәрбиелеп шығатынын ескерсек, қаламгердің заманы осы тақырыптарға өзі әкелгенін ақылмен аңғаруға болады. «Сол жылдары менің және қатарластарымның көбінде протестік көңіл-күй болды» деген Төлен Әбдіктің сөзінен кеңестік керегеге сыймай, алқынып-бұлқынып жатқан қазақ әдебиетінің эмоцияналды ахуалы көрінеді.

Жазушының қатарластарым деп отырғаны, өзінің жақын жолдастары –Әнес Сарай, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Дулат Исабеков және Бексұлтан Нұржеке. Бұлар бір курстан түлеп ұшқан бір-бір мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, қазақтың қабырғалы қаламгерлері болып шықты. 

«Адамның өміріне жарық шашатын нәрсе – достық. Мен бұл жігіттермен туысқанымнан жақын араластым», деп ағынан жарылды Төлен Әбдік. «Үнемі шығармашылық ізденістің нәтижесінде біздің буын керемет шығармаларды қатарынан дүниеге әкелді. Мәселен, Мұқағали Мақатаевтың Дулаттың «Сүйекшісін» оқып жыладым дегені бар. Бір қызығы, бұл Исабековке заманында берілген бірен-саран бағаның біреуі. Ал оның жазған шығармалары бүгінгідей қошеметпен құрметтелген жоқ. Ағалар тарапыынан қатардағы туындалар секілді қабылданды. Бәрімізде де солай болды. Асыра мақталмағаны кейін өзімізге жақсы болды. Арқамыздан қаға берсе, кейінгі жазылған кесек туындылар дүниеге келмес те еді», деді Төлен ақсақал. Осы ретте қарт қаламгер жас жазушылардың әсіре мақтанға салынбау керектігін баса айтты.

Көрермен арасынан жас жазушы сұрақ қойды. Сауалының рәуіші «біз әлемдік тақырыптарға барғымыз келеді, бірақ оны классикалық оқырман санасы қабылдай қояр ма екен?» дегенге саяды. Сонда лектор: «шеберлік жетсе кез-келген тақырыпта жазуға болады» деп жауап берді. Нақты әрі батыл сөз. «Өнердегі шын шеберілікке апарар жол – еңбек, дилетанттыққа – халтура. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуі тиіс», деп әдебиет теоретигі Зейнолла Қабдоловтың осы орайда ойға оралады. Төлен Әбдік әрі қарай ойын сабақтады:

«Көркем шығармада детальға мән берілу керек. Күллі сюжет осы детальмен өріледі, сұлулығы айқындалады. Салдыр-күлдір баяндаушылық әдебиет кеңістігіне кірмейді», деді жазушы. «Әдебиеттің алтын дәуірі өтіп кетті» деп күрсіну – қисынсыз. Алтын дәуір – салыстырмалы ұғым. Қазір де жақсы проза мен поэзия жазылып жатыр. Тек қаламгерлерге ізденісті молайту керек. Халыққа қарапайым әдебиет қана қажет деген ойдан алыс болған жөн. Интеллектуалды шығарманы түсінетін оқырман – жетерлік». Осылайша Төлен Әбдік әдебиеттің арғы-бергі дәуіріндегі мәселелеріне тоқталып, бүгінгі жай-күйіне баға берді.

Төлен әбдік

Дәріс соңында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жазушыға ізгі ілтипатын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Ал Жазушылар Одағының Астана қаласы филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы аталған жобаның тұрақты жалғасатынын жеткізді.