
Сурет: ria.ru
Нарық көлемі де күннен-күнге өсіп жатыр. Былтыр 279 млрд долларды құраса, биыл 391 млрд-ға жетуі мүмкін. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығы 5 трлн долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ. «Microsoft», «Google», «Amazon», «Meta» компаниялары осы жылы дерекорталықтар мен есептеу қуатына 320 млрд доллардан астам қаражат бөлуге дайын. Қытай жасанды интеллектіні қатаң реттеп, арнайы заң енгізді. Еуропа «AI Act» қабылдап, қауіпті жүйелерді шектеуге кірісті. Жапония жоғары өнімді есептеу жүйелерін іске қосса, Корея ұлттық «AI»-чип өндірісін жолға қою үшін 77 млрд доллардан астам инвестиция салып жатыр.
«Nvidia» компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтің сөзінше, жасанды интеллект төңкерісі енді басталады. «Біз жаңа өнеркәсіптік революцияның куәсі болып отырмыз. Алдағы бес жылда әлем бойынша жасанды интеллект инфрақұрылымына 3-4 трлн доллар инвестиция салынады. Біз қазір алгоритмдерді жетілдіруден асып, инфрақұрылымдық кезеңге өттік. Жаңа дәуірде технологиялық егемендік елдердің есептеу қуатына қарап бағаланады», дейді ол.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Аталған алпауыт елдердің ЖИ стратегиясы үш бағытқа негіздеген. Бірінші – есептеу қуатын арттыру. Екінші – қауіпсіздік пен реттеуді қамтамасыз ету. Үшінші – ұлттық тіл мен мәдениетке бейімделген үлгілерді жасау. Әр мемлекет өз тілінде сөйлейтін жасанды интеллект әзірлеу арқылы ақпараттық тәуелсіздігін нығайтуды көздейді.
«Біз елімізді ЖИ-ге бағдарланған мемлекетке айналдыру үшін Халықаралық жасанды интеллект орталығын құрдық. Инкубация мен акселерация бағдарламалары арқылы Орталықты стартаптармен интеграциялаудың нақты жоспары жасалды. Бұдан бөлек, таяуда Үкіметтің, ғылым мен бизнестің стратегиялық қажеттіліктеріне арналған қуатты Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Сонымен қатар біз цифрлық егемендігімізді қамтамасыз ету үшін Үлкен тілдік модельді (LLM) белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл бастамалар әлемдік жасанды интеллект кеңістігіндегі Қазақстанның технологиялық өркендеуін жеделдетіп, позициясын нығайтады», деді Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, еліміз де жаһандық үдерістен сырт қалған жоқ. Өткен жылы «Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Осы жылы Астанада Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Сол жерде қазақ тіліне бейімделген «AlemLLM» үлгісі таныстырылды. Сондай-ақ Назарбаев университетіндегі «issai» институты «KazLLM» қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін қамтитын көптілді модельді әзірледі. Бұл үлгілер мемлекеттік қызметтерді қазақ тілінде дамытуға және жаңа цифрлық сервистер құруға мүмкіндік береді.
Білім саласында «AI-Sana» жобасы қолға алынды. Ол 100 мыңға жуық студентті қамтып, жасанды интеллект негіздерін үйретеді. Бұл бастама жастардың стартап ашуына, жаңа технологиялық жобаларды бизнеске айналдыруына жол ашады. Жоба авторларының бірі Стэнфорд университетінің қауымдастырылған деканы, доктор Пол Кимнің айтуынша, Қазақстан осы арқылы ЖИ-ді дамытуда айтарлықтай жетістікке жете алады.
«Ai-Sana» бағдарламасының басты мақсаты – жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту ғана емес, өмірде қолдануды үйрету. Студенттер бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтеді. Алдымен олар алгоритмдер мен машиналық оқыту негіздерін игереді. Одан кейін өздерінің жеке жобаларын әзірлеп, оны тәжірибеде сынайды. Соңғы кезеңде стартаптарын инвесторларға таныстырады», дейді ол.
Ал халықаралық «Alem.AI» орталығы елімізді аймақтық жасанды интеллект хабына айналдыруды көздейді. Бұл орталық жыл сайын мыңдаған маманды тартуға, ғалымдар мен кәсіпкерлерге жағдай жасауға бағытталған. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, жобаға білім беру, стартаптарды қолдау, ірі халықаралық IT-компанияларды тарту сияқты бірнеше бағыт біріктірілген.
«Орталықта балаларға арналған интерактивті алаң да, студенттерге арналған ЖИ мектебі де, кәсіпкерлер мен зерттеушілерге арналған кампус та бар. Тіпті «Google», «Apple», «Telegram» секілді алпауыттар да зерттеу зертханаларын ашуды жоспарлап отыр. «Alem.AI»-дың басты мақсаты – елімізді аймақтағы жасанды интеллект хабына айналдыру, таланттарды тартып, жаңа жобаларды қолдап, елдің технологиялық дамуына серпін беру», дейді ол.
Бұған қоса еліміз ЖИ нарығындағы алпауыт мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуды экономикалық бағдар ретінде алып отыр. Бұл салада әлем тәжірибесінен үлгі алу артықшылық болары анық. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы сапарында осы ниетін білдіріп, «China State Construction Engineering Corporation» компаниясымен әріптестік орнату туралы келісімге қол жеткізді.
«Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда, біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз», деді Мемлекет басшысы.