
– Мемлекет басшысы Тамыз кеңесінде оқулықтардың сапасын қатаң сараптау жөнінде атап айтты. Сіздің ойыңызша, бұл талап білім саласына қандай жауапкершілік жүктейді?
– Бұл – өте жоғары жауапкершілікті талап ететін қағида. Өйткені оқулықтағы немесе әдістемелік материалдағы бір ғана қате мыңдаған балаға әсер етеді, ал оны түзету оңайға соқпайды. Мемлекеттік сараптама мен бекітілген бағдарламалар – негізгі тірек. Ал авторлар мен баспалардың, соның ішінде «Arman-PV»-ның міндеті – мазмұн мен әдістемеге, тілдік сапаға барынша мұқият қарау. Біз жобаларымызда қосымша тексеру, апробация кезеңдерін енгізіп отырмыз. Осылайша, сараптамаға ұсынылатын материалдар жан-жақты тексеріледі.
– Ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздік әлі де өзекті мәселе. Президент те бұл түйткілді шешуді басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Осы бағыттағы ең үлкен қиындық неде?
– Инфрақұрылым бойынша елде айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр: көптеген жаңа мектеп салынып, ауылдағы білім ошақтары жаңартылды. Дегенмен сапалы білім беру үшін тек ғимарат жеткіліксіз, оқу материалдарына да бірдей қолжетімділік қажет. Бұл – оқулықтар тек цифрлық орта дамыған жерде ғана емес, интернеті әлсіз ауылдарда да қолжетімді болуға тиіс дегенді білдіреді. Осы мақсатта біз «Ekitap.kz» платформасын дамытып келеміз. Ол интернет бар кезде онлайн, интернет әлсіз жағдайда офлайн режімде жұмыс істей береді. Мұндай «қос қолжетімділік» үлгісі – баспа оқулықтары мен цифрлық базаны қатар пайдалану арқылы қала мен ауыл оқушыларына тең мүмкіндік ұсынады.
– Мұғалім елдің болашағын қалыптастыратын басты тұлға. Ал оқулық – әрі оқушы үшін, әрі ұстаз үшін негізгі құрал. Осы тұрғыдан алғанда, оқулықтарды қандай талаптар мен өлшемдерге сүйеніп дайындайсыздар?
– Қазіргі ұстаз жас ұрпақтың ойлау жүйесін, құндылықтарын қалыптастырады. Сондықтан оның пайдаланатын материалының сапасы маңызды. Біз оқулықтарды мұғалімге кәсіби тұрғыдан көмектесетін құрал ретінде дайындаймыз: онда түрлі деңгейге арналған тапсырмалар, ойландыруға бағытталған бөлімдер, сондай-ақ цифрлық қосымшалар бар. Мұның бәрі ұстазға сабақты сыныптың деңгейіне және нақты мақсаттарға қарай тиімді құруға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы «Адал азамат» атты тәрбиелік бағдарламаны жариялады. Оны оқу үдерісіне қалай енгізуге болады?
– Тәрбие ешқашан білімнен бөлек қаралмауға тиіс, ол білім берудің өзегіне айналуы керек. Оқулықтардың ішінде баланы ойландыруға, таңдаудың салдарын түсінуге жетелейтін тапсырмалар, қоғамда маңызды саналатын құндылықтарды бірге талқылауға арналған сұрақтар, туған жердің тарихы мен мәдениетіне құрметті қалыптастыратын бөлімдер болуы шарт. Мұндай мазмұн оқушыға дайын жауап ұсынбайды, қайта оның санасына ой салады, пікір айтуға үйретеді, жақсы мен жаманды саралай білуге баулиды. Егер осындай элементтер оқулыққа енгізілсе, оқушы өмірлік жағдайларды талдап, өзіндік қорытынды жасай алатын болады. Бұл әдіс жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, әділдік, мәдениетке құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Сонда ғана тәрбие бағдарламасы жалаң сөз болып қалмай, күнделікті сабақтың ажырамас бөлігіне айналады.
– «Қауіпсіз мектеп» пен буллингтің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осы тұрғыда баланың қолындағы оқулық маңызды құрал бола ала ма?
– Әрине. Оқулық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете алады. Мәтіндер, диалогке құрылған жаттығулар, өмірлік жағдайларды талқылау арқылы балаларды бір-біріне құрметпен қарауға үйретеді. Ал цифрлық ортада оқушының жағдайын дер кезінде байқататын кері байланыс құралдарын енгізуге болады. Бірақ ең маңыздысы – мұғалімнің коммуникация мен психология саласындағы біліктілігін арттыру. Бұл ретте оқу-әдістемелік құралдар да көмек бере алады.
– Президент цифрландыру мен инновациялардың маңызын айрықша атап өтті. Бұл қадам білім саласына қандай өзгеріс әкеледі?
– Цифрландыру нақты тиімділік үшін жасалуы керек. Электронды ресурстар баспа оқулығының мүмкіндігін кеңейтіп, мұғалімге аналитикалық мәлімет беру, интерактивті тапсырмалар ұсыну, сыныптағы оқушылардың дамуын бақылауға мүмкіндік жасау арқылы қосымша қолдау көрсетуге тиіс. Қазір біз «SmartAI» жүйесін енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл құрал оқушының деңгейіне қарай тапсырмаларды автоматты түрде іріктейді, жиі кездесетін қателерді талдайды, сараланған шешімдер ұсынады.
– Биылғы Тамыз кеңесінің түйіні қандай болды деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – жауапкершілік. Мемлекеттің жауапкершілігі – стратегияны айқындап, қажетті ресурстарды қамтамасыз ету. Мұғалімдер мен баспалардың жауапкершілігі – білім жүйесін сапалы мазмұнмен толықтыру. Қоғамның жауапкершілігі – ұстаз еңбегін қадірлеу. Осындай үйлесімде ғана Президент айтқан болашақ мектебін құра аламыз.
Әңгімелескен –
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»