
«Мүгедектігі бар адамдарға өмірлік маңызы бар техникалық құралдар контрафактілі, қолданыста болған, тозығы жеткен күйде ұсынылады. Ал жаңа әрі сапалы өнім алу мүмкіндігі жоқтың қасы. Портал бірте-бірте «базарға» айналды. Бұл жүйе азаматтарға емес, делдалдарға қызмет етіп отыр», деді депутат.
Кенжеғұл Сейтжан нақты мысал ретінде Анатолий Мигайдың жағдайын келтірді. Ол әлеуметтік портал арқылы қымбат оқу құрылғысын алғанымен, тауар жалған әрі бұрын пайдаланылған болып шыққан. Жеткізушіні порталдан алып тастауға ғана шара қолданылғанымен, кінәлілер жазаланбаған, ал мүгедектігі бар азаматтың құқығы қорғалмаған.
Сонымен қатар, депутат санитарлық-гигиеналық құралдарды жеткізу ісінде де көптеген заңбұзушылық бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет портал арқылы памперстерді тегін таратқан сәттен бастап, оларды қайта сататын хабарландырулар OLX секілді платформаларда көбейіп кеткен.
«Қалыптасқан жүйе кімнің мүддесі үшін жасалды? Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесіне сай келмейтіні анық! Неліктен ерекше қажеттіліктері бар азаматтар осы Порталда тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруі керек, егер елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тауарларды шығаратын бірде-бір өндіруші болмаса, тек делдал сатушылар бар болса, кәсіби даярлығы мен материалдық-техникалық базасы толық болмаған жағдайда да кез келген адам қызмет көрсетуші бола алады. Неліктен мемлекет Порталға жүктелген функцияларды орындамаса, оны дамытуға және қолдауға ақша жұмсауы керек? Неліктен сапасыз тауарлар мен қызметтерге қаражат бөлу керек?» деді депутат.
Бұл ретте Халық партиясының Фракциясы келесідей ұсыныстар жасады:
- Әр өңірде мүгедектігі бар азаматтарға арналған тауарлар мен қызметтердің көрме павильондарын ашу;
- Гигиеналық құралдарды тек арнайы орталықтар арқылы жеткізу;
- Бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерді монетизациялау немесе ваучерлік жүйеге көшіру;
- Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне аудит жүргізіп, сыбайлас жемқорлық схемаларын анықтау, жауапкершілікті күшейту.
«Қазіргі жүйе бюджет есебінен ұйымдастырылған лотереяға айналды: жолың болса – сапалысын аласың, болмаса амал жоқ. Бұл әділетсіздікке нүкте қою керек», деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан.