Білім • Бүгін, 08:45

Келешек мектебінің келбеті

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әр бала – өзінің қандай да бір әлеуметтік, экономикалық, физиологиялық, географиялық, биологиялық ерекшелігіне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Бұл түйткілдің түйінін тарқату қарапайым мектептегі жағдайды жақсартудан басталады. Осы мәселені шешу мақсатында стратегиялық бағыттағы ұлттық жоба қолға алынды. Жыл соңында тәмамдалуға тиіс жұмыстың қарқыны қандай? «Келешек мектептерінің» келбеті қалай қалыптасып келеді?

Келешек мектебінің келбеті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Көп мәселе – бір шешім

Білім жүйесі озық елдерде мектептер бір ауысымда ғана жұмыс істейді. Бұл оқушылардың бағдарламадан бөлек қосымша өзін дамыту үйірмелеріне жер-жерге қатынамай, сол өз оқу ошағында қатысуына жағдай жасайды. Елімізде әлі күнге үшауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

Одан қалды, апатты жағдайдағы оқу ошақтары бар. Бұл жайттан тағы бір мәселе туындайды. Білім сапасын сырттай бағалайтын халықаралық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, еліміздегі ауыл оқушылары білім сапасы бойынша қаладағы құрдастарынан 1-1,5 жылға артта қалып келеді. Өйткені кейбір шалғайдағы мектептердің халі – мүшкіл. Осыншама көп мәселенің шешімі ретінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Әлі жоба толыққанды мәресіне жетпеді, дегенмен әзірдің өзінде пайдалануға беріліп үлгерген мектептердің үлгісі мен кейбір қолда бар көрсеткіштерге қарап, істің барысын бағамдауға болатындай.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы Тамыз конференция­­­сында: «Келешек мектептерінің» құрылысы тың өзгеріс­терге үлкен қозғау салып, білім саласының қарқынды дамуына жол ашты. Бұл бас­тамалар осы жылдары еліміздегі үш ауысымды мектептердің санын 4 есеге, апатты жағдайдағы мектептерді 2 есеге, оқушы орнының тапшылығын 4 есеге азайтты», деп мәлімдеді.

Ал ауыл мектептеріне қатысты жағдайды қаншалықты жақсарды? Бұл сұрағымызға Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан: «Президенттің тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға, тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бас­тама. Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірінде кез келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйымдарын құру, жоғары сапалы білім беру стандарттарын жаппай енгізу арқылы, әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға теңдей мүмкіндіктер жасау. Осы мақсатта келешек мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған», деп жауап берді.

 

Сан мен сапа

Әуел баста жоба аясында 2026 жылға дейін 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салу жоспарланған. Бүгінге дейін жаңа форматтағы 128 мектеп салынып үлгерді. Ал 2025 жыл соңына дейін тағы 89 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Соның ішінде заманауи жабдықталған мектептердің 40 пайыздан көбі ауылдық елді мекендерге тиесілі.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, келешек мектептердің бас­ты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Біз барған Астанадағы №115 «Келешек мектебінде» роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коуоркинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп соңғы үлгідегі жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Қарым, қабілетіне қарамастан, кез келген балаға жағдай жасалған, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылды.

в

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Шын мәнінде, осы күні баласын мектепке жіберген әр ата-ана жанын шүберекке түйіп отырады. Себебі оның бір нәрсеге ұрынып қалуынан, жазатайым жағдайлардан қауіптенеді. Ке­ле­шек мектептеріндегі күшейтілген қауіп­сіздік режімі бұл тұрғыда күдікті сейілтеді. Бұлай деуімізге ұлттық жоба аясында салынған мектептерде сапалы бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелердің болуы түрткі болып отыр. Осыған қоса бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Бұл баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған.

 

Білім мен тәрбие

«Келешек мектептеріндегі» тәрбие туралы сұрағанымызда, Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан: «Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашады. Білім беруде Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа, адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Мектептегі білім беру үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін оятуға, қоғамдық сананы дамытуға бағытталған. Сондай-ақ балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән беріледі. Осы қағидалар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясын балаларға мектеп кезінен сіңіруді көздейді», деп жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, «Келе­шек мектептерінде» ерте жастан кәсіби бағ­дар беруге айрықша көңіл бөлінеді. Бұл жобаның негізгі басымдықтарының бірі саналады. Мәселен, бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер ұйым­дастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейінді оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі.

«Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Платформа оқу­шыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім беру жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі. Оқушыларды еңбекке баулу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ақпараттық технология (ІТ), ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған», дейді Е.Оспан.

 

Кәсіби даму ортасы

Оқушылардың жақсы мектепке барғысы келетіні секілді, мұғалімдер де сабағын өзі қалағандай деңгейде өткізуге жағдай жасалған заманауи білім ұясында жұмыс істеуді қалайтыны заңдылық. Осы ретте келешек мектептері ізденімпаз, әрдайым өзін дамытуға ұмтылып жүретін педагогтерге лайық орта табуға сеп болатындай. Себебі министрлік мәлімдегендей, ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі – жаңа технологиялар мен әдістерді тиімді қолдана алатын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету. Бұл мектептердегі педагогтердің кәсіби даму үдерісін үздіксіз жүргізу мақсатында мұғалімдерге арналған жаңа педагогикалық тәсілдер, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдарды меңгеруге бағытталған бағдарлама әзірленген. Бүгінде 3 000-нан аса келешек мектеп мұғалімі мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы уақытта басым бағыттар бойынша барлық педагог оқытумен қамтылмақ. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай, заманауи ойлайтын, қажетті білім мен қабілетке ие жас мұғалімдерді тарту үшін мектептердің басшылығы мен жетекші педагогикалық жоғары оқу орындары арасында арнайы ынтымақтастық орнатылып жатыр. Бұл – Келешек мектептеріне арнайы дайындалған мұғалімдер келеді деген сөз.

Енді бірізді, жүйелі болуы үшін ұлт­тық жоба аясында салынған мектеп­терді басқарудың жаңа моделі да­йындалды. Қыркүйектен бастап модель іс жүзінде енгізіле бастайды, ал әдістемелік қолдауды Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қамтамасыз етеді. Ал директорларды тағайындау кезінде «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге басымдық беріледі. Болашақта бұл мектептер моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектебінің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер, және басқару шешімдері бүкіл респуб­лика бойынша таратылады.