
Семинар-кеңеске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, министрліктер мен орталық атқарушы органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма, департамент, инспекция, мекеме басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы бюджет қаржысын тиімді жоспарлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөнінде нақты міндеттер жүктеп отыр. Кеңесте осы бағытта атқарылған, алда жоспарланған істер туралы айтылды.
Бүгінде республикалық бюджеттің 40%-дан астам бөлігі ел азаматтарын қолдауға бағытталады. Бірақ осы әлеуметтік демеу шынымен қолдауға мұқтаж жандарға жетіп жатыр ма? Жоғары аудиторлық палата мен салалық министрліктердің тексерісі әлеуметтік төлемдерді мақсатсыз пайдаланудың бірқатар фактісін анықтаған. Заңды негізі жоқ азаматтар жәрдемақы алған жағдайлар кездесті. Жұмыссыздық және декреттік төлемдерді тағайындау кезінде де алаяқтыққа барғандар белгілі болды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатын стоматологиялық қызметтерге мақсатсыз пайдалану, мектептегі тамақтандыру мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында жағдайы бар отбасыларға жеңілдіктер бергендер де жоқ емес.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 429 мың жұмыссыз азамат тіркелген. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеуге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында 127 млрд теңге қарастырылған. Алайда бұл көмекті іс жүзінде көмекке зәру емес адамдар да алған жағдайлар кездесіп отыр.
Семинарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарлама жасады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес облыс бюджетін оңтайландырудың кешенді шаралары қабылданды. «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы арқылы 19 263 баланың облыс балабақшаларына тіркелгендігінің жалғандығы анықталды. Осы «ауадағы» балалардан 28 млрд 100 млн теңге үнемдедік. Қосымша арқылы балалардың балабақшаға күнделікті келуі де қадағаланды. Емхананың жалған анықтамаларын тіркеу мен негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен 6 млрд 700 млн теңге (2023 жылы – 3,0 млрд, былтыр – 3,7 млрд) бюджетке қайтарылды. Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс көлемін айқындау функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілген соң, бір балаға арналған қаржының орташа көлемі қайта есептеліп бекітілді. Осылайша 6 млрд 300 млн теңге бюджет қазынасында қалды. Кейінгі үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарға бөлінген 41 млрд 100 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді. 2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектепке 2 900 орындық қосымша ғимараттар салынып, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты, бұл бастама жаңа мектепке қажеттілік туындатқан жоқ. Осы арқылы 5 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдедік», деді облыс басшысы.
Өңірде биылғы наурыз айынан «Арт спорт» бағдарламасына енгізілген адамның жеке басын анықтайтын «Фейс айди» биометриялық технологиясы арқылы ақпараттық жүйедегі ай сайынғы есептік табельдер тексерілді. Өткен жылмен салыстырғанда ай сайынғы төленетін қаржы 70%-ға үнемделіп, 2023–2025 жылдары бөлінген 13 млрд 31 млн теңге бюджетке қайтарылды. Оған қоса жаңадан құрылған 19 848 жұмыс орнының шынайылығы зерделенді. Талапты бұзған жұмыс берушілермен келісімшарттар мерзімінен бұрын тоқтатылып, 614 млн 400 мың теңгенің мақсатсыз жұмсалуының жолы кесілді.
Салық есептілігін «нөлдік табыспен» тапсырған жеке кәсіпкерлер мен ұйымдарға да талдау жасалды. Осылайша, субсидияланатын жұмыс орындарын құрған 151 кәсіпкерлік субъектісімен келісімшарт тоқтатылып отыр.
Жиында жаңа бизнес идеяларға арналған грант қаражатының тиімді пайдаланылуына жүргізілген мониторинг қорытындысы, мақсатсыз шығындалған 188 жағдай анықталғаны да айтылды. Осының нәтижесінде грант қаржысын оңды-солды жұмсағандар 252 млн 200 мың теңге қаражатты сот шешімімен бюджетке қайтарды.
Өңірдегі 2 540 кәсіпкермен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалып, 5 709 адамға экологиялық үстемеақыны жұмыс беруші есебінен төлеу тәжірибесі де енгізіліп отыр. Бұл ретте 1 млрд 900 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуді зерделейтін мониторингтік жұмысшы топтар үй-үйді аралап, 12 239 отбасын тексеріп шыққан. Оның барысында көмек алушылар арасынан табысын жасыру үшін отбасындағы зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарды, жұмыс істейтін отбасы мүшелерін есептен шығару, жеке кәсіпкерлерге формальды тіркелу арқылы жалған анықтамалар ұсынғандар кездесті.
Кейінгі үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 63 712 адамнан 19 671 адамға азайды. Осы арқылы 5 млрд 400 млн теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік туды.
Әлеуметтік қолдау саласындағы бюджетті оңтайландыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023–2025 жылдары жалпы 8 млрд 200 млн теңге бюджетте қалды.
Үнемделген қаржы инвестиция ретінде қайта құйылып, бірінші кезектегі мәселелерді шешуге жұмсалып келеді.
ҚЫЗЫЛОРДА