Спорт • Бүгін, 08:00

Бұйырғаны – бес жүлде

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болгарияның бас шаһары – Софияда дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Жа­рысты еліміздің құрамасы бес жүл­демен қорытындылап, 1 алтын, 1 кү­міс, 3 қолаға қол жеткізді.

Бұйырғаны – бес жүлде

Дунай өзенінің жағалауында елміздің әнұранын Ернұр Батырғали шырқатты. 60 кг салмақ дәрежесінде белдескен Түркістан облысының тумасы бастапқы бәсекелерде Молдова, Польша, Беларусь өкілдерінен басым түсті. Ширек финалда әзербайжандық Зейд Аласқаровтан айласын асырса, жартылай финалда өзбекстандық Ділшод Кәрімовтің аяғын көктен келтірді. Финалда оның жолы тәжікстандық Лоик Кудбудиновпен қиысты. Бұл бәсекеде де қазақ жігітінің мысы басым болды. Осылайша, алты қарсыласын қапы қалдырған Ернұр әлем чемпионы атанды.

Дәл сондай мәртебелі атаққа қол жеткі­зу­ге 66 кг салмақтағы Мұхаммедәли Жыл­қайдардың да жақсы мүмкіндігі болды. Ол Бразилия, Болгария, Канаданың балуандарын жолда қалдырып, жартылай финалда ресейлік Мүсілім Котиевтің сілікпесін шығарды. Бірақ шешуші тұста Ресейдің тағы бір өкілі Рахим Хамхоевтың осал тұсын таба алмады. Дәл осы салмақта күрескен Ролан Қайырғали қолаға қол жеткізді. Жартылай финалда оның да жолын Рахим Хамхоев қиды. Үшінші орын үшін тартыста қандасымыздың канадалық Анес Матистен мерейі үстем болды.

50 кг салмақтағы Арман Мыса қола ме­дальды иеленді. Шешуші сайыста ол ма­жар­стандық Милан Сабоға сан соқтыр­ды. +90 кг салмақта күш сынасқан Әділжан Жаудинов та дәл межеден көрінді. Үшінші орын жолындағы белдесуде қазақ балуаны чехиялық Меличар Шкодаға шаң қаптырды.

Ерлер арасындағы жарыстың қорытын­дысында Өзбекстан құрамасы барлық қарсыласынан қара үзіп, жалпы есепте көш бастады. Олардың үш өрені жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ресейдің екі дзюдошысы дәл сондай құрметке бөленді. Қалған үш алтын Қазақстан, Грузия, Сербияның сайыпқырандарына бұйырды.

Қыздар сайысында Өзбекстан, Ресей, Бразилия құрамалары екі реттен бас жүлдені иеленсе, Жапония мен Моңғолияның бұрымдылары бір-бір реттен топ жарды. Өкінішке қарай, қазақ қыздарының барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады.